5.04.2023, 13:00
Оқылды: 18

Батысқазақстандық спортшы республика чемпионы атанды

Соңғы уақытта Ақжайық ауданынан түлеп ұшқан спортшылардың республикалық, халықаралық ареналарда атой салып, жеңіске жеткені жөнінде хабарлар  жиі естіледі. Өз түлегінің асығы алшысынан түскеніне жерлестері де қуанышты. Күні кеше аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі, болашағы зор балуан қызымыз Зейнеп Баянова тағы да жеңіс тұғырына көтеріліп, ел мерейін асырды. Дәлірек айтсақ, 55 келі салмақ дәрежесінде белдескен ол Абай облысы, Семей қаласында 23 жасқа дейінгі әйелдер арасында күрестен ҚР чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.

91a4d1cf-2a18-4d24-95b4-0d6931f129a2

Финалда балуан қыз қызылордалық Асылзат Сағымбайды 4-1 есебімен айқын басымдылықпен ұтқан.

– Зейнеп осыдан бір ай бұрын Талдықорған қаласында грек-рим және еркін күрестен өткен бәсекеде әйелдер расында 55 келіде қарсылас шақ келтірмей, жеңіске жетіп еді. Оның біздің спорт мектебінің түлегі екенін мақтан тұтамыз. Жас та болса, Қазақстан құрама командасының сапында да, жекелей де  ел намысын қорғап жүрген жерлесімізге әлі де биік белестерді бағындыра беруіне тілекшіміз, – дейді сүйінші хабарды жеткізген аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскер-нұсқаушысы Абзал Боранбаев.

Алтын қызымыздың былтыр ғана Түркияның Анталия қаласында өткен әйелдер күресінен халықаралық турнирде жеңіске жеткені әлі ұмытыла қойған жоқ еді, араға жылға жетпейтін уақыт салып, ол осы жетістігін тағы қайталады. Жауырыны жерге тимесін Ақжайықтың Зейнебінің.

Әсет Орынғали,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале