28.07.2024, 13:45
Оқылды: 7

Батысқазақстандық өнерпаздар Тараз қаласына сапарлады

Өнер адамдарының әрдайым ізденісте, өз әріптестерімен ортада болып, тәжірибе алмасқаны құптарлық дүние. Ал оларға дәл сондай деңгейде қолдау көрсетілсе тіпті жақсы. Өнерпаздар сол арқылы шабыттанып, тың идеяларға құлаш сермейді.

IMG-20240728-WA0016

Осы орайда облыстық Халық шығармашылығы орталығы 22-28 шілде аралығында «Руханият» мәдени-туристік жобасы аясында Тараз қаласының киелі мекендері мен мәдени орындарына тәжірибе алмасу саяхатын ұйымдастырды.

Аталмыш саяхатқа Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының мәдени ұйымдастырушысы Злиха Қалмағанбетова қатысты. Батыс Қазақстан облысының кіл мықтысы, мәдениет қызметкерлері Таразда бас қосқан саяхат хақында Злиха Маратқызы былайша жеткізді.

– «Руханият» мәдени-туристік жобасы аясында облыстық «Әдіскер» клубының мүшелері тарихы терең Тараз қаласына сапарлады. Тараз қаласының облыстық Халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Арслан Қазантаев, бас режиссер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрали Абдуллаев, Жамбыл ауданы мәдениет үйінің «Салбурын» ән-би ансамблі құрақ ұшып қарсы алды. Әр ауданнан келген мәдени қызметкерлерінің басшылықтарына мазмұнды кітаптар сыйлап, көрегенділік танытты. Батыс пен Оңтүстіктің мәдениет саласындағы жайсаң жандарымен пікір алмасып, жұмыс барысымен таныстық.

IMG-20240728-WA0015

Сондай-ақ батысқазақстандықтарды Тараздың тарихы таңғалдырған.

–Айша бибі кесенесіне барғанда жанға жайлы тыныштықты сезіндік. Бізге өте әсерлі болды, - деді Злиха Маратқызы.

Жерлестерімізді төбесіне көтеріп, өнерге құрмет танытқан Тараз қаласының дүлдүлдері мәдени ошақтарын көрсеткен. «Әр елдің салты басқа» демекші, облыстың бір топ өнерпазына айтарлықтай жаңалық болған мекеннің өткені мен бүгіні, қаймағы бұзылмаған құндылықтары шабытқа шабыт қосқаны сөзсіз.

Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале