27.02.2024, 16:00
Оқылды: 85

Баян Қабиеваның кезекті концерті Қараөзенде өтті

Казталов ауданы Жас ауылынан басталған Баян Хабиеваның биылғы мерейтойлық концерті кейін Жұлдыз ауылында жалғасып, дәл бүгін Қараөзен ауылындағы жерлестерінің ортасында дүркіреп өтті.

424889938_869274058542154_6266980450820028970_n

Жанына өзінің жанұялық ансамблін ілестірген Баян Құбайқызын қараөзендік ағайын ауыл шетінен дәм-тұзын ұсынып, сән салтанатымен қарсы алды.

Одан кейін құрметті меймандарын асыға күткен Қараөзен мектеп лицейінің үлкен ұжымы әннен шашу шашып, мектеп музейін аралатып, ұлағатты ұстаз Баян Қабиевамен өтетін «Жаныңда жүр жақсы адам» атты сыр сұхбат кешті мектеп директоры Қайырлы Байжанов бастап берді. Әрі қарай сұрақ-жауап негізінде өрбіген сыр сұхбат барысында небір естеліктер қозғалып, тәрбиеге толы тамаша әңгімелер де ортаға құйылды.

429531976_869274565208770_5381400380730739383_n

Міне, осындай көңіл-күй сыйлаған мектеп лицей ұжымына алғысын білдірген сыйлы қонақтар ауылдың клубына бет алды. Клубта көрермен залы ауылдың үлкен-кішісімен лық толып, өздерінің өнерпаз қыздарын тағатсыздана күтіп отыр екен. Кешті жүргізушілер Баян Құбайқызына арналған «Қараөзеннен ұшқан қарлығаш» атты концертті өлең шумақтарымен әрлеп бастап та кетті.

Концерттің шымылдығын мерейтой иесі — Баян Хабиева әдемі әнімен өзі ашып, қалған өнерпаздарға жол салып берді. Одан кейін осы концерттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ауылдың өнерпаздары мен  әжелер ансамблі және түрлі байқаудан орын алып қазақ елінің атын шетелдерге танытып жүрген үлгілі «Қыз Жібек» ансамблі мен ұзақ жылғы тарихы бар «Хабиевтер» жанұялық ансамблі өнер көрсетіп, көрермен көңілінен табылды.

429477888_869274535208773_4610859326839623381_n

Қараөзен ауылының әкімі Нұрхат Болаев мырзадан басталған құттықтаулар қатары алыс-жақындағы шәкірттердің жылы лебіздеріне жалғасып, Баян Құбайқызының құшағы сансыз гүлмен көмкерілді.

- Шынымды айтсам, мен бүгін өзімді бақытты сезініп тұрмын. Халқымнан жоғары баға алғаннан асқан мәртебе жоқ екен. Мен соны түсіндім. Еркелете білген еліме мың алғыс, - дейді мейіріммен шөлін басқан Баян Қабиева қуанышын жасыра алмай.

424926963_869274215208805_3059581042088302809_n

Жарық өмір сыйлаған аналарының мерейтойында ән салған Асылхан гитара мен де, домбырамен де сахнаға шығып көрермен ықыласына бөленсе, Әділ мен Данагүл дуэт құрып «Бағым сен» әнін орындады. Ал «Қыз Жібек» ансамблінің орны тіптен бөлек. Тірі дауыста орындаған  кішкене өнерпаздарға  көрермен мықтап риза болды. Олар концерт барысында теректілік ақын Әділет Орынбасаровтың өздеріне арнаған «Қыз Жібек» өлеңін нақышына келтіріп оқып та берді.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале