25.05.2023, 11:15
Оқылды: 16

Бейбіт күннің батыры атанды

Бейбіт заманда да небір ерлік жасалады. Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек азамат арамызда жетерлік. Сол жандардың бірі, Казталов ауылының тұрғыны — Бектас Тілекқалиұлы Бөпішов.

1a88b23b-413e-48c4-a6be-a2b53d73d46d

Жуырда ғана 6 жасар баланы ажал аузынан арашалап қалған жерлесіміздің ерлік ісін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бектас Тілекқалиұлы абайсызда суға түсіп кетіп, батып кетуге сәл-ақ қалған Нұртас Ихсан есімді бүлдіршінді құтқарып қалған болатын. Нұртастың ата-анасының айтуынша, Қарасу тоғанының жанында ойнап жүрген кішкентай Нұртас тоғанға еңкейіп, қолын жумақшы болған кезде, абайсызда суға түсіп кетеді. Оны айналадағы әйел адамдар байқап қалып, бірден жан-жақтағы адамдарды айқайлап, көмекке шақырады. Сол уақытта мал қарайлап шыққан Бектас аға ойланып тұрмастан бірден суға секіріп, су астына батып кеткен Нұртасты сүңгіп тауып алып, жағаға алып шыққан. Жаратқан жар болып аман қалған бүлдіршіннің бүгінде жағдайы қалыпты. Ұлдарының бір қауіптен аман қалғанын білген Нұртастың ата-анасы Бектас ағамызды арнайы іздеп барып, алғысын білдірді. Қатерлі шақта суға қалта телефонымен секірген Бектас ағаның ұялы телефоны істен шыққан. Мұны естіген бүлдіршіннің ата-анасы құтқарушыға жаңа телефонды сыйға тартты.

— Бірінші Алланың, екінші Бектас ағаның көзсіз ерлігі арқасында ұлымыз аман қалды. Ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мал келерге ерте уақыт болса да, Бектас ағаның сол маңнан табыла кетуінің өзін құдайдың қарасып тұрғаны ма деп ойлаймыз. Ауыл тұрғындарына айтарым, балаларыңызды назардан тыс қалдырмай, қауіптен сақтайық!, - дейді анасы Фариза Табылдиева.

 

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале