Осы аптада барлық округ орталықтарында санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауылдық округ әкімдерінің есепті кездесулері өткізілді. Орталықтан шалғай ауылдық округтер Сарытоғай, Базаршолан, Тайпақ ауылдарында басталған жиындарға Ақжайық ауданы әкімі Қалияр Айтмұхамбетов және оның орынбасарлары қатысты. Ескере кететін жайт, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшының қаулысымен Чапаев, Қабыршақты, Жаңабұлақ ауылдық округтерінде карантиндик талаптар күшейтіліп, мұнда шара онлайн өткізілді.
Ауыл басшыларының есебінде кәсіпкерліктің өрістеуі, елдімекендерді көріктендіру, қыс маусымын өткізуге байланысты қам-қарекеттер, тұрғындардың өтініштерімен жұмыс, вирустың таралуының алдын алу жұмыстары кеңінен қамтылды. Барлық жердегідей, ауылдарда малдың сапасына қол жеткізу, ауылшаруашылық машиналарын алу жөнінде ілгері істер бар. Лизингтің мүмкіндігін пайдалану өрістеп келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын оңтайлы пайдалануға ниет еткен тұрғындардың қатары да көбейген. Айталық, Сарытоғайда 3 жұмыссыз қайтарымсыз грантқа ие болса, Тайпақта 35 отбасына 10 млн. 836 мың теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалған. Мұнда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келген 6 жас маманға 1 млн. 603,3 мың теңгенің көтерме ақысы берілген. 9 маман 37 млн. 503 мың теңге несие алып, тұрғын үй сатып алды. Есепті кезеңде жұмыссыздар қатарында тұрған 4 сарытоғайлық тұрақты жұмысқа тұрып, 23 і уақытша жұмыспен қамтылды. 59 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, 6 маман «Жастар тәжірибесінен» өткен.
Будариндік шаруалар ауыл шаруашылығы саласындағы мол игіліктерді кеңінен пайдалануда. Айталық, «Бекнұр», «Дала», «Жеті-Тал», «Ералы» шаруа қожалықтары баламалы қуат көздерін орнатып, «Алма», «Али», «Абай», «Ақжайық», «Аяжан» және «Інду» иеліктері ірі қара, қой шаруашылығын дамытуға 21 млн. теңгенің көлемінде несие алып, істерін өркендетуде. Мұнда мал бағымы жолға қойылып, ауыл шаруашылық кооперативтерінің жұмысы жанданды.
Алдымен ауыл әкімдері есептері тыңдалған соң, аудан әкімі өңірде атқарылған шаруаларға қысқаша тоқталып өтті. Өткен жылы 4 ауылдың кіре беріс жолдары жөнделіп, 11 ауылға мен газ және 6 ауылға ауыз су құбыры тартылды. Ендігі мақсат – «Орал – Атырау» тас жолының бойындағы ауылдардың кірме жолдарын жөндеу. Ал өзге елді мекендердегі осы мәселе кезең-кезеңімен тұрғындар санына қарай шешілмек.
Жалпы, округтерде тұрғындар халықты жұмыспен қамту, мәдениет саласындағы, денсаулық пен білім саласындағы жұмыстарды оң бағалауда. Негізінен, ауылдық ағайынның басты мәселесі жол, ауыз су мен жазда мал жайылымын реттеу, Кездесулерде шаруалардың басым бөлігі мал суаратын судың тапшылығы мәселесін көтерді. Өткен жылда жаңа спорт алаңы салынып, мектеп пен мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткен ауылдар да болды. Ал көптен жөндеу көрмей, тозығы жеткен әлеуметтік нысандары бар ауыл тұрғындары да осы мәселелерді ортаға салды.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
О.Биманова (Базаршолан):
-Биыл көптеген ауылдарға газ жеткізіліп, ағайын бір жасап қалды. Енді Баянтөбедегі тұрғындар да «көгілдір отынның» рахатын көрсе деген тілек.
М.Жұмағалиев (Базаршолан):
- Ауылдың ішінде талай жылдан бері қордаланған күл-қоқыс үйінділері бар. Соларды шығаруға техника таба алмаймыз. Сол жағынан көмек болса...
М.Нұраханов (Алғабас):
-Ауылдан мал соятын пункт салынса дейміз. Сонымен қатар Бесоба елді мекеніне көше шамдарын орнату керек.
А.Биғалиев (Сарытоғай):
-Біздегі электр желілері 1974 жылы тартылған. Одан бері қанша жыл өтті, тозығы әбден жетті. Сондықтан жарық жиі сөнеді. Сымдарды ауыстырмаса, болмайды.
Т.Құсайын (Сарытоғай):
-Бір өтініш – ауылымыздағы медициналық мекеменің «Жедел жәрдем» көлігі ескі, осы жайт ескеріліп, түзетілсе.
Х.Сақауов (Бударин):
-Руханияттың ордасы – мәдениет үйі біраз уақыттан бері жөндеу көрген. Тезірек жөнделуіне қолдау көрсетсеңіздер.