Бәйтерек ауданы орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде әр ауылдан келген 2009-2010 жылдары туған жасөспірім футболшылар жиналып, аудан чемпионы атағын сарапқа салды.
"Балалар жылына" орайластырылған аяқдоп жарысына Белес, Өркен, Новенькое, Макаров, Көшім және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командалары қатысты.
Ойынға беріліп бар өнерін көрсеткен жас футболшылар көрермен қызығарлық ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, Өркен, Белес, Көшім және БЖСМ командаларының ойынына тамсанғандар көп болды. Топтық кезең қорытындысында аталған командалар жүлде таласын жалғастыруға мүмкіндік алды. Өз тобында екінші орын иеленген Өркен және Көшім ауылдарының командалары алдымен қола жүлдені сарапқа салды. Жан алысып, жан беріскен ойынның негізгі уақыты 1-1 есебімен тең аяқталды. Ал пенальти сериясында өркендік жеткіншектер дәлдік танытып, аудан чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ал чемпиондық ойында Белес пен БЖСМ командалары кездесті. Нағыз чемпиондық ойын өрнегін ұсынған жас футболшылар аянып қалмады. Көрермен де, қос команда бапкерлері де өздерін қоярға жер таппады. Өйткені матч әлем чемпионатының ойынынан кем түспеді. Әр шабуылға шабуылмен жауап қатқан ойыншылар қазіргі уақытта аудандағы үздік командалар екенін дәлелдей алды. Бұл ойынның негізгі уақыты да 1-1 есебімен аяқталды.
Ал пенальти сериясында белестік жігіттер шеберлік танытып, аудан чемпионы атанды.
Жарыс барысында өзін тек жақсы қырынан танытып, Өркен ауылының командасын алға сүйреген Ернар Жаншуақ «Үздік шабуылшы», көшімдік Думан Төлебай «Үздік қорғаушы», БЖСМ командасының ойыншысы Александр Шапин «Үздік қақпашы» аталымдарына ие болса, Белес командасының ойыншысы Айдын Жұмағали жарыстың «Үздік ойыншысы» атанды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz