Жасынан еңбекке ерте араласып, Казталов ауданының қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқан Ризуанов Нағым Ризуанұлы 17 наурыз күні 85 жасқа шықпақшы. Бар өмірін адал еңбегімен өрнектей білген ардагер ақсақал әлі күнге қатардан қалмай, аудан өңірінің заман талабына сай еселеп дамуына өз үлесін қосып, қоғамдық жұмыстардың алдыңғы шебінен табылып жүр.
Белсенді қарияның белесті жасы тұсында өзінің қайталанбас өмір жолымен шебер қалап шыққан еңбек табысына тоқталып, жергілікті басылым бетіне жариялауды жөн санаған едік. Ертеңінен зор үміт күттіретін бүгінгі жас ұрпақ үшін тәлім-тәрбиеге толы ардагердің еңбек жолында біраз жетістіктер бар екен.
1937 жылы Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданы Қарақоға ауылдық кеңесінде дүниеге келген Нағым ақсақал тыл және еңбек ардагері. Онжылдық мектепті бітіргеннен кейін бозбала Нағым осы ауданға қарасты «Сталин» атындағы колхозда колхозшы болып еңбек етіп, кейін Кеңес әскері қатарында үш жыл азаматтық борышын атқарады. Осылайша еңбекке араласқан ол 1960 жылы автокөлік жүргізушілерін даярлайтын курсты тәмамдап, «Акқөл» совхозында автокөлік жүргізушісі болып 1964 жылдың тамыз айына дейін еңбек етеді.
Оқуға құштар екпінді жас ретінде білімін шыңдау мақсатында Нағым Ризуанұлы 1964 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының зоотехниктер даярлайтын бөліміне оқуға түсіп, оны 1969 жылы «Оқымысты зоотехник» мамандығы бойынша бітіріп, диплом алып шығады.
Институтты бітірген соң жолдамамен «Ақкөл» совхозының №3 бөлімшесіне зоотехник болып орналасады. Бөлімшенің негізгі бағыты мал шаруашылығын өркендетіп, зоотехникалық талаптарға сай ғылыми негізде еңбек ету болғандықтан жас маманға үлкен сенім артылады. Ол кезде малшылар қыстақтарында электр жарығы тапшы болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жас маман Нағым Ризуанұлы совхоз басшыларының қолдауымен малшылар үйлеріне электр желісін тартып, үлкен талпысыныспен еңбек етеді. Жоғары білімді мал маманы ретінде сол жылдарда қой мен ірі қарадан төл алу жоспарын асыра орындауға қол жеткізіп, ол еңбек еткен бөлімше аудан бойынша социалистік жарыстың жеңімпазы болып танылады. Соның арқасында бөлімше ауыспалы Қызыл Тумен, жекелеген малшылар орден, медальдармен марапатталады. Осындай жетістіктерден кейін Нағым Ризуановтың лауазымы сатылап өсіп, 1971 жылы «Ақкөл» совхозының бас зоотехнигі болып тағайындалады. Сол тұста 1971-1972 жылдары мал тамағы аудан бойынша тапшы болып қиыншылықтар болған еді. Кейін 1974-1976 жылдары аралығында Нағым Ризуанұлы сияқты білікті мамандардың арқасында шаруашылық үлкен табыстарға қол жеткізіп, мемлекетке жүн, сүт, ет тапсыру мен аналық малдардан төл алу жоспарлары асыра орындалды. Сол тұста шаруашылықта типтік үлгідегі арнайы жобамен мал орындарының кешендері салынады. Облыстың солтүстік аудандарынан симентал тұқымды сүтті сиырлар алдырылып, ауыл жастарынан түгелдей автоматтандырылған «Қызғалдақ» сауыншылар бригадасы құрылады.
-Біз еңбек еткен жылдарда мектепті бітірген жалынды жастардан құрамы он бес адамнан тұратын шопандар бригадасы құрылып, бордақылау жұмыстары қарқынды жүрді. Еңбекқор малшы-шопандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсарып, кейбіреулері пәтер кілттерін иемденіп, емдеу орындарына жолдамалар алды. Қажырлы еңбек көркін қыздырғандар қатарында «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегерлері Мүти Жасмаганбетов, Есім Нұрғазиев, Қасиет Әділғалиев, Шолпан Кәрімова, Сәлімгерей Әмірешов, Әзима Мұханова, Нәсекен Қапезов, Сүлеймен Қожбанов және мал бағудың шеберлері Ғалым Есмұқанов, К.Ғұбашев, Қ.Тәшетов, О.Серғазиев, С.Қапезов, Ө.Уляновтар болды. Олардың қатарына ілескен жастар бригадаларының да еңбектері өте зор болды. Мен осы жұмыстардың басы-қасында бас маман және совхоз директорының орынбасары ретінде еңбек еттім және сол жылы өзім де «Құрмет белгісі» - орденімен марапатталдым. 1975-1976 жылдары Алматы қаласындағы мал дәрігерлік зоотехникалық институының жанындағы колхоз-совхоз басшыларын даярлайтын арнайы курста оқып жүрген кезімде, Алматы қаласына жиналысқа келген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, елі «Кенже ақа» деп атаған Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиев шақырып алып барлық жағдайымызды сұрап, маған «сендердің оқып жатқан курстарыңда жаңадан ашылған, арнаулы мал бордақылау шаруашылықтары жөнінде бөлім бар көрінеді, сол бөлімнің сала-саласын жете меңгеруің керек» - деп арнайы тапсырма берді. Кейін мені оқудан келісімен ауданда жаңадан құрылған «Сарықұдық – мал бордақылау бірлестігінің» директоры қызметіне ұсынып, облыстық партия комитетінің бюросында бекітті. Осылайша Сарықұдықта тоғыз жылға жуық бірлестік директоры болып қызмет атқардым. Алғашқыда қиыншылықтар болды бұрынғы бөлімшенің ізінен құрылған жаңа шаруашылық болғасын, барлық істі басынан бастауға тура келді. Ең бірінші орталықтың көшелерін түзетуді қолға алдым. Жұмыс қолы өте аз, қажет мамандарды шақырайын десем үй жоқ. Облыстық бірлестікте өте білікті Шыныбай Шарафеддинов, Сина Төлегенов сияқты өмір көрген басшыларға барып жолығып сол адамдардың көмегімен сырты селикатпен қапталған көптеген тұрғын үйлер тұрғызуға қол жеткіздік. Осылайша екі-үш жылдың ішінде төрт көше бой түзеп, арнайы мамандар мен жұмысшылар келе бастады. Алыстан қарағанда мен мұндалап тұратын сол үйлер самаладай жарқырап, көшелерге суағарлар орнатылып, таза ауыз су да уақытында жеткізілді. Еңбек екпіні қазандай қайнаған сол тұста ауылға он жылдық орта мектеп, 50 орындық балабақша, 25 оқушыға арналған мектеп-интернат, дәрігерлік-фельдшерлік пункт, шаруашылық кеңсесінің ғимараты, 200 орындық мәдениет үйі мен ауылдық кітапхана, типтік жобамен салынған 40 орындық қоғамдық монша тұрғызылып аз мерзім ішінде пайдалануға берілді.
Жан жақты жағдай жасалған жерде ғана еңбек өнімділігі артып, көрсеткіш сапасы жоғарылай түсетіні белгілі. Шаруашылықта 3500 бас ірі қараға арналған типтік жобадағы мал қоралары мен нәрлендіру цехтары, 500 тонналық жем сақтайтын қоймалар салынды. Бордақылауға қойылған 500 бас ірі қараның алдына ауыз су құбыр арқылы жеткізілді. Бордақылау алаңындағы барлық жұмыстар механизацияланып, кешенді түрде іске асырылды. Шаруашылыққа көптеген ауыр техникалар автомобильдер, арнаулы техникалар алынды. Олардың қалыпты жұмыстарын сақтау мақсатында жөндеу шеберханасы мен жылы автотұрақтар да салынды. Мал азығын жақсарту мақсатында арпа, қара бидай, көпжылдық шөптер егіліп, қолдан суару арқылы мол өнім алуға қол жетті.
Міне, осы жұмыстардың барлығы ғылыми негізде ұйымдастырылып, шаруашылықтың әр жыл қорытындысын таза пайдамен аяқтауына көп септігін тигізді. Соның нәтижесінде көптеген малдар кешенді бордақыланды. Ірі қара малын бордақылаудың шеберлері Мұрат Құлмұханов, Жолдыбай Тапауов, Сағынгерей Қарекенов, Рахым Исаевтың бригадалары табысты еңбек етті. Сарықұдық бірлестігіндегі табысты еңбегімнің әсерінен кейін мен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындалдым. Онда ауданның ауыл шаруашылық саласын дамыту, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі күрделі жұмыстарды ұйымдастыруға бар күш жігерімді жұмсадым.
1990-1995 жылдары елде өте ауыр кезеңдер өтті. Ауылдарға бұрын көп жылдар басшы болып істеген кадрларды шаруашылық жұмыстарына қайта жіберуге тура келді.
1995-1997 жылдары зейнеткерлікке шыққанша аудандық суландыру жүйесінің күрделі жұмыстарын атқардым. Осылайша бірнеше жыл аудан шаруашылықтарын басқарғандағы еселі еңбегім орынды бағаланып «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, және мерекелік түрлі төсбелгілермен, дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталдым. «Казталов ауданының Құрметті азаматы» атағын да алдым. Қазір 1997 жылдың маусым айынан бері зейнеткермін. Десем де, қоғамдық жұмыстан қол үзбей, ширек ғасыр бойы Жаңажол ауылдық округі ардагерлер Кеңесінің төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарып келемін. Сол уақытта ауылдың да, халықтың да тұрмыс-тіршілігі қиын болған еді. Округте 1991 жылы пайдалануға берілген 140 орындық балалар бақшасы талан-таражға түсіп, түгелдей пайдасыз болды. Орта мектеп жөндеу көрмей, төбесінен тамшы ақты, қабырғалары мүжілген.
Мәдениет үйі жұмыс жасамай, төрт жерінен тіреумен тұрды. Бір телефон ғана әкімдікте жұмыс жасады. Осы кедергінің бәрі едегі орын алған ауыр кезеңге байланысты еді. Ол тез арада жасалмайтын жұмыстар болатын.
Осы тұста ел болып ақылдасып, жергілікті басшылардың қолдауымен 2009 жылы балалар бақшасы сапалы түрде күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. 2010 жылы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Өзеннен су тазартылып тұшытатын қондырғы арқылы халыққа таза су беріле бастады. Типтік жобада 150 орындық мәдениет үйі, кәсіпкерлер есебінен мешіт пен ФАП салынып пайдалануға берілді.
Оның сыртында 2016 жылдан бері ауданның «Ақсақалдар алқасы» бірлестігінің төрағасы болып қоғамдық жұмыстар атқарғандықтан әлі күнге дейін ауданның өмірімен тығыз байланыстамын. Қазіргі уақытта қоғамдық ұйымдарға үлкен жауапкершіліктер жүктеліп, халықпен тығыз байланыста жұмыс ұйымдастыру басты міндетке айналып отыр.
Біршама жасқа келгенде азды-көпті ауданымыздың, ауылымыздың өркендеуіне қосып жатқан еңбегім ескерусіз қалған жоқ. Әр мереке сайын облыс, аудан, ауыл әкімдерінің алғысхаттары мен облыстық ардагерлер ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталып тұрамын. Жанұям да аман. Өмірлік жолдасым Сәуле Қажымқызы екуміз үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Олардан тоғыз немере, төрт жиен, үш шөбере, бір жиеншар сүйіп, сүйікті ата-әже болып отырған жайымыз бар, - деп еске алады кейіпкеріміз.
Салиқалы өмірін ел игілігіне арнап, еңбегінің зейнетін көріп отырған Нағым Ризуанұлының белесті жасы берекелі болсын!
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz