6.06.2023, 12:23
Оқылды: 54

Берденкөк тағы бірінші...

Осыған дейін Сырым ауданы, Қособа ауылында мешіттің салтанатты ашылғаны туралы жазған едік. Үшбу қуаныштың құрметіне орай Қуанай Хазіреттің елі екі күн қатарынан той берді. Бірінші күні ақын айтыстырса, екінші күні ат жарыстырды.

ат

Бәйгетөбедегі бап пен бақтың бәсекесін көруге келген көпшілікті қисап жоқ. Жарыс жолының шаңын тайлар көтерді. Бірінің тұяғын бірі басқан 22 тай гүр етіп сөреден шыққан сәтте – ақ халық қиқуға басты.  Тай жарысы – тағдыры бір айналымға сыйған қызық. Әп – деген қарайған топтың ішінен бірінші басын, кейін өзін шығарып алған Нұртөбел мәреге алқынбай жетті. Шабандоз Мерланның қамшылауы да жігерін жани түскендей. Тай Шалқар көлінің жағасынан келген екен. Иесі – Мейрам Шоқанов.

ат1

Құнандардың арасынан Қараторғай топ жарды. Ақжайықтың қосқан қарасүлігі болашақта аламан бәйгенің аймаңдайлы жұлдызы болады – десті жұрт. Жүйріктің иесі – Асылбек Жаңабаев.

Ал, енді аламан бәйгеге тоқталайық. 7 айналым, 21 шақырым – тек тұлпардың емес, шабандоздың да, атбегінің де сынағы. Міне, керменің алдынан 16 сәйгүлік келіп көрінді. Ішінде кім жоқ? Ағылшын тұқымдысы да, арабы арғымақ та бар. Жал – құйрығын желбіреткен жабылар даласын салтанатын асырып тұр.

«Баста!» Төрешінің айқайымен аламан бәйге басталды. Осыған дейін Бөрлі және Қаратөбе аудандарындағы бәйгенің бас жүлдесін мойынына ілген тасқұдықтық атбегі Мұхтар Шулеуовтың аты – Берденкөк кеше де ерледі. Кіл жүйріктің арасынан шын жүйрік екенін дәлелдеп, Қособа тіккен жүлдені шауып алды. Шабандоз – Айсұлтан!

Ат шауып, аламан салынғаннан кейін күрес өтіп, Оралбектің елінде Нұрымжан Ғаббасов түйе балуан атаныпты. Азаматың да, қазанатың да абыройды қорғап қалса, шаттанбай көр!

Боз жусанынан берекенің, боз үйінен бірліктің иісі бұрқыраған Қособаға тек есендік тіледік!

 

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

 Суреттерді түсірген: Қайсар ХАЛИТ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале