Бүгін 11 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде: «Елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда.
4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде.
1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді.
Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады.
2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді.
Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді.
700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды.
Жұмыс барысында олқылықтардың болғанын да мойындауымыз керек.
Індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кеткені рас.
Соған орай, біз дер кезінде шұғыл шаралар қабылдадық» деген болатын.
Расында Мемлекет басшысының сарабдал саясаты арқасында Қазақ елі дер кезінде нақты шешімдер қабылдай білді.
Бүгінгі таңда ауданға қарасты ауылдық округтердегі шаруагерлердің далалық жұмыстардағы тірлігі көңіл қуантады. Әрине, бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдар арқылы хабардармыз.
Шаруагерлерді, әсіресе өтпелі кезеңдегі жанар-жағармай бағасының арзандауы қуантып отыр. Бұл мүмкіндікті қалт жібермеуді мақсат тұтқан еңбек адамдары «Еңбек мұратқа жеткізетіндігін» ұғынып жұмыстануда.
Бүгінгі таңда бар несібесін Жер-анадан тауып отырған еңбекқор халық мемлекет қолдауын жете сезініп отыр деп ойлаймын және бұқара халық әлі де болса қауіпсіздік шараларын алады деген сенім бар.
Бірлігі бекем, тірлігі тиянақты бәйтеректіктер алдағы күндерден ырыс-береке, жақсылықтар күтеді.
Артур Пономарев,
Бәйтерек ауданы
Переметный ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы