Еліміз коронавируспен күреске барын салып жатқанда еріктілер де қолдарынан келгенді жасап, игі істердің еселенуіне жұмыс жасауда.
Бөрлі ауанында Ақсай-Шыңғырлау, Ақсай- Федоровка, Подстепное-Илек, Бөрлі-Ақсай-Жымпиты тас жолдарында 4 блокбекет орналастырылғаны белгілі.
Сол блок-бекеттерде ауданымыздың құқық қорғау қызметкерлері, эпидемиологтар міндеттерін қалтқысыз атқауда.
Блокбекеттегі кезекшілерге Ақсай қаласы мешіті ұжымы мен «Берекелі жамағат» еріктілері түскі ас апарып берді.
Ақсай- Федоровка блокбекетіне Бөрлі ауданы полиция бөлімінің басшысы Дәурен Өтеғұлов пен ауданның бас имамы Қанат Жакенов барды.
- Аты жаман аурудың тез таралуы баршамызды алаңдатып отырғаны рас. Вирустың таралмауына осындай блокбекетер бөгет бола алады. Сіздердің еңбектеріңіз қашан да бағалы екендігі даусыз. Қызметтерін қырағылықпен атқарып жатқан жерлестерімізге біз де қолымыздан келгенше қолдау білдіргіміз келді,- деді бас имам Қанат Қуанышбайұлы.
Дәурен Бақтығалиұлы да жергілікті полиция қызметкерлері атынан «Берекелі жамағат» еріктілер қорына алғысын жеткізді.
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz