Түн ортасына жақын «Еуразия» арнасынан басталатын «Что? Где? Когда?» (қазақша аудармасы: Не? Қайда? Қашан?») деген бағдарлама көптің есінде болар. Кілең қара бешпент киген ақ жағалы ақылгөйлердің алдына не сұрақ келмейді десеңізші?
Дәл осындай ойын Жымпитыда өтіп, көңіл бір тамаша күйге бөленді. «SyrymBilgirlerBaigesi» деген атаумен өткен сайыс Сырым ауданының білім беру саласына еңбегі сіңген аяулы ұстаз, Жымпиты орта мектебінде орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болған Багира Бегарыстанованы еске алуға арналған екен.
Салтанатты ашылу шарасында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев сөз сөйледі.
- Багира Бегарыстанова – сәулелі өмірдің иесі. Әріптесіміз жаққан білім шырағы әр шәкіртінің кеудесінде жанып тұр.
Педагогтардың зияткерлік, интелектуалдық, танымдық қабілеттерін шыңдау, әсіресе жас мамандардан шығармашыл тұлға шығару, командалық жұмысқа машықтандыру жағына келгенде «SyrymBilgirlerBaigesi-тың» қадам, жаңа әдіс. Ұстазға ақылды болу жарасады, – деді Досжан Тайшиев.
Педагогтың құрметіне арналған ақыл аламаны сәйкесінше мұғалімдердің арасында өтті. Жарысқа аудан мектептерінен 9 команда қатысты. Нәтижесінде Сырым мектеп-лицейі І орынға ие болды. Көгеріс негізгі мектебінің ұстаздары күміс жүлдегер болды. Ал Ж. Досмұхамедов атындағы мектептің ұжымы ІІІ орыннан көрінді. Осы мектептің мұғалімі Қ. Аманғалиев – «Үздік ойыншы» атанды.
Багира Рапикқызы туралы оқырманға айта кетелік. Ол 1951 жылы 18 қазанда Орынбор облысы Красная Горка ауылында дүниеге келген.
1968 жылы 10 жылдық сыныбын тәмәмдады. 1969-1970 жылдары аралығында «Аспаз» мамандығы бойынша білім алып, 1970 жылы Орал педагогикалық институтына оқуға түсіп, осы аталған оқу орнын «Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша 1974 жылы бітірді.
Алғашқы еңбек жолын өмірлік жары Амангелді ағаймен Саратов облысы Первомайско мектебінен бастады.
Багира Рапикқызы 1974-2004 жылдарын, яғни саналы ғұмырын білім беру ісіне арнады.
Б. Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz