11.10.2021, 15:00
Оқылды: 63

Білікті дәрігердің «Дара жолы»

Өткен сенбіде Қаратөбе ауданы Шөптікөл мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде өңірімізге белгілі жерлес тұлғалар мен еңбек адамдарының өмір жолы, жетістіктері туралы сыр шертетін «Дара жол» бағдарламасы өтті.

E2A2A01E-90DF-4BB1-B1F0-AF0D8B8E1795

Бағдарламаның бұл жолғы қонағы, ауданның денсаулық сақтау саласында 40 жылдан астам уақыт абыройлы еңбек етіп келе жатқан, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Құрмет белгісі» орденінің, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, аудандық аурухананың тәжірибелі балалар дәрігері Махсот Өтеғалиев болды. DDE5ADC6-01EE-4795-94AE-B263E2F8B127

Сонау 1955  жылы Ақтайсай ауылында, соғыс ардагерінің жанұясында  дүниеге келген Махсот Мырзаханұлының өмір жолы, дәрігер ретінде кәсіби шеберлігі бағдарлама барысында жылы естеліктермен өріліп отырды.

Алдымен Махсот Мырзаханұлының бала күнгі оқушылық кезеңдегі естеліктерімен сыныптасы Жанзия Бүркітқызы бөліссе, үйдегі отағасы және әке Махсот жайлы зайыбы Сақыпжамал мен қызы Тәтті өмір белестеріндегі жанұялық жарасымдылықтары туралы сыр шертті.

Ағамыздың студенттік кезеңдегі достарының сәлемдері, балдай тәтті немерелерінің тілектері, кезінде жұмыстасы болған Ләтипа Шапанқызының құрметті әріптесіне арнап жазған тебіреніске толы хаты бейнебаян арқылы көрермен назарына ұсынылды.

Өзіне арналған тағылымды кеште қызмет барысының қызығы мен қиыншылығы туралы сыр шерткен Махсот Мырзаханұлы:

– Мен 1979 жылы оқу бітіріп келгенімде Қаратөбеде Мәрбар Бекмағанбетов бас дәрігер болды. Мені Қалдығайтыға балалар дәрігері ретінде жолдады. Ол кезде медицина саласында қазіргідей мүмкіндіктер жоқ. Электр жарығы жиі өшетін. Науқастарды шамның жарығымен емдеген кездеріміз де болды. Жедел жәрдем көлігі жоқ. Қыста трактормен, атшанамен қыстақтарға баратынбыз. Халық саулығы үшін уақытпен санаспай қызмет қылдық. Жұмыс, қызмет деп жүріп жанұямызға да көңіл бөлмеппіз ғой, - деп күліп алды кейіпкеріміз.

Келесі кезекте сөз алған әріптесі Аққу Оңғарқызы Махсот ағамыздың маман ретінде, дәрігер ретінде біліктілігі жөнінде сөз қозғаса, замандасы Бейбіт Есенбайұлы кейіпкеріміздің жайдарлы мінезі мен домбыра, баян, мандалин сынды аспаптарда еркін ойнап ән салатын әншілік қырын да тілге тиек етті.

Сол сәтте Мақсот ағамыздан қонақ кәде сұралып, ағамыз баян аспабымен қазақ әндерінен попурри орындап берді.

    Тағылымды бағдарлама барысында сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин елге сыйлы дәрігерге жылы лебізін білдіріп, Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаеваның атынан алғысхат табыстады. Мамандығына берілген еңбек адамына ақжарма тілегін арнаған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев сый-сияпат жасаса, өңірімізге танымал күйші Едіге Нәбиев «Қоңыр ала» күйін орындап берді.

Серікбай Жәлелұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале