Тасқын Жұмағұлов Қособа жұртына жақсы таныс есім. Кезінде кеңшарда әртүрлі көлік айдап, қала берді, жөндеуші-слесарь болып қызмет жасады. Яғни нағыз еңбектің бел ортасында жүрген жан.
Қарапайым шаруа отбасынан шыққан ол еңбекке араласа жүріп, әртүрлі көлік түрлеріне қызығушылығы оянып, жүргізушілік қызметте жемісті еңбек етті.
Әттең, орда бұзар 30 жасқа жеткенде кездейсоқ бір көзіне зақым келіп, еңбекке араласудан қол үзді.
Бүгінде 3-топ мүгедегі санатындағы ол аудандық ардагерлер арасында өткізіліп жүрген асық ату, жамбы ату, қол күресі секілді ұлттық ойындарға және қол күресіне белсене қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр.
– Ауыл әкімі Жұмабай Сатаевтың қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы ұлттық ойындарға қатысып келемін. Талай жеңімпаз атандым. Адам баласының мүмкіндігі шексіз. Шектеу тек мида болады. Спорттың қай түрі болмасын денсаулыққа пайдалы, – дейді Тасқын Мағзомұлы.
Ол – зайыбы Күміспен үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан төрт жиен, төрт немере сүйіп отырған ақылшы ата.
Кейіпкеріміздің ғибратты, салауатты өмірі ұрпағына үлгі.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz