19.07.2024, 18:00
Оқылды: 139

«Білім беру саласында 131 млн теңге жымқырылған» – Мұратбек Қасымов

Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың мүшелері келді.
43772750-A432-4D8A-99EE-E3CDA205D20D
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаменті басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов, департамент жанындағы превенция басқармасының бас маманы Ринат Мұратов, Қазақстан Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты, «Жаңару» жалпыхалықтық қозғалысының Батыс Қазақстан облысындағы филиалы директорының орынбасары Әліби Баяхов Сырым ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысына қатысты.
Жемқорлық – жеке бастың қалауынан басталады. Кейін жең ұшымен жалғасып тұтас қоғамның мәселесіне айналады. Парақорды тауып, қылмысына жаза тағайындаудан бұрын жасалатын ең абзал амал – жолын кесу, болдырмау.
Бүгінгі таңда жоғарыда аталған департамент Қазақстан Республикасында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасы аясында жұмыс атқаруда.
Тұжырымдама заңды тұлғалардан «негізсіз баю» диагнозы анықталса, кешенді зерттеу жұмыстарын бастайды.
Әр облыстың «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы» бар. Бұл картаға парақорлық «иісі»шығатын салалар енгізіледі.
90834CE0-0934-4850-9DE2-E910E57CCFBF
Біздің облыс бойынша әлеуметтік сала, жолдар мен инфрақұрылымдар, проблемалық құрылыс объектілері, жылу электростанциялары, апаттық және тозығы жеткен үйлер, бизнес, агроөнеркәсіптік кешен, экология, жер мәселелері тәуекелдер картасында тұр.
– Бір ғана мысал. Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаумен облыста 131 млн теңгеден асатын бюджет қаражатын ұрлау белгілері бар фактілер анықталып, оларды өтеу жөнінде шаралар қабылданды, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаменті басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов.
Жиында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында атқарылған істер туралы баяндады.
Мұратбек Қасымов Сырым ауданында антикоррупциялық жобаның «Міндетті базалық бағыт - 4» формасы бойынша жұмыстар жасалмағанын айтып, сынады. Ішкі талдау жұмысы негізгі картинаны анық көрсетеді.
Департамент өкілдері бүгін Сырым ауданындағы мемқызметкерлер үшін семинар өткізіп, кейін аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале