8.07.2022, 23:51
Оқылды: 11

Білімділер бәйгесі басталды

Бүгін Казталов аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқу залында жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Білімділер бәйгесі» интеллектуалдық жобасы бастау алды.

20220707113133_IMG_4007

Рухани орталықта өткен білімділер додасының алғашқы қатысушылары Талдыапан ауылдық округінің «Болашақ» командасы мен Бірік ауылдық округінің «Бірік» командасы болды. Ал сайысты аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Мұқағали Шоқпанов жүргізді.

Сынға түскен «Болашақ» командасының құрамында Талдыапан ауылдық округінің әкімі Әділ Мырзағалиев, Талдыапан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ақерке Садет, «Айбын» спорт клубының Талдыапан ауылдық округіне қарасты әдіскері Дархан Жалиев болса, «Бірік» командасының құрамында Бірік ауылдық округінің әкімі Жігер Жакиев, «Айбын» спорт клубының Бірік ауылдық округіне қарасты әдіскері Қайрат Сисенов, Бірік ОЖББМ психологы Айда Өтебаева өз білімі мен біліктілігін ортаға салды.

Сайыс үш кезеңнен тұрып, қатысушы командаларға жануарлар дүниесі, әлем тарихы мен әдебиеті, өнер, әдебиет салалары, еліміздің тарихы мен мәдениеті және ҚР Рәміздері хақында сауалдар қойылды.

Жарыс қорытындысы бойынша 7:5 есебімен «Болашақ» командасы жеңісті жұлып алып, келесі кезеңге жолдама алса, біріктіктер жарысты осы жерден аяқтады.

- "Білімділер бәйгесі" зияткерлік сайысының басты мақсаты мекеме қызметкерлері арасында достық қарым-қатынасты орнату, топтық бірлесе жұмыс жасауға жаттықтыру, тапқырлық, тез ойлау қабілеттерін дамыту, жастардың мәдени ой-өрісін кеңейту, білім деңгейін арттыру, шешендік шеберлігі мен сенім дағдыларын қалыптастыру, жастардың позитивті ойлау, жүйелі талдау, дәлелдеу өнерін, өз ұстанымын білдіру дағдыларын қалыптастыру болып табылады.

Сайысқа Казталов ауданына қарасты бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары, округ әкімдері және аудан жастары қатысады. Әр командада 3 қатысушыдан болады. Команда мекеме басшысы немесе округ әкімі және 2 жас маманнан құралады. Әр сайыста 2 команда өзара білім жарыстырып, таласқа түседі. Әр кезеңде жеңіске жеткен команда келесі кезеңге өтіп, әрі қарай бақтарын сынайды. Бұл ауданымыздың білікті мамандарының және жастардың білімін одан әрі шыңдауға септігін тигізеді,- деді Мұқағали Өтегенұлы.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале