В.А. Сухомлинский «Өнер - өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал»,- деп тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл бөлу керектігін атап көрсеткен болатын. Шоқтығы биік өнердің бірі – би өнері. Он үш жылды артқа тастаған Жәнібек ауданындағы «Ақмаржан» халықтық би ансамблі қимыл тілінің хас шеберлерінен құралған. Олар осы уақытқа дейін өнерімен көрерменін тәнті етіп келеді.
Зәмзәмгүл Мұратова 1970 жылы 24 тамызда Жақсыбай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Жақсыбай орта мектебінде білім есігін ашып, 1987 жылы аталған мектепті бітіріп, сол жылы Орал мәдени-ағарту училищесінің би бөліміне оқуға түскен. Училищеде оқып жүрген кезінде, балетмейстер Қ. Ғаббасов өзінің «Ақжайық» ән - би ансамблінің құрамына алған. Сол кездері Алматы, Талдықорған облысының Сарқанд қаласында өткен республикалық би ансамблдерінің байқауына қатысады. 1990 жылы қаңтар айында оқуын бітіріп, еңбек жолын туған ауылынан бастайды. 1990 жылы ақпан айынан бастап Жақсыбай ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі қызметіне орналасады. Жақсыбай орта мектебінде би үйірмесінен дәріс бере жүріп, мәдениет үйі жанынан «Гүлдер» би тобын құрған ол аудан орталығына келіп, барлық мәдени шараларға және көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Ал 1996 жылдың қаңтар айынан бастап Жақсыбай мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған. 1998 жылы тамыз айынан бастап аудандық мәдениет үйі орталығына мәдени ұйымдастырушы қызметіне ауыстырылады. 2000 жылы «Демалыс орталығы» МКҚК-да көркемдік жетекші қызметін атқарған Зәмзәмгүл Мұзаппарқызы 2001 жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың би факультетінің сырттай оқу бөліміне түседі. Содан 2004 жылы маусым айында «Жоғары кәсіби білімді хореограф - оқытушысы» деген мамандығы бойынша бітіреді. Бүгінде ол аяулы жар, асыл ана, бақытты әжелердің қатарында.
Он үш жылдан астам тарихы бар аудандық «Ақмаржан» халықтық бишілер ансамблі - 3 топта бишілер дайындап, ұлық өнердің өрісін кеңейтіп, нәзік қимыл тілін халыққа жүрекжарды сезім арқылы жеткізіп келеді. Ансамбльдің 3 тобы жас ерекшеліктеріне сай бөлініп, өз қарым-қабілеттеріне сай тәлім-тәжірибе жинақтап келеді.
Тынымсыз ізденіс пен ерен еңбекті жолдас қыла білген ұжым репертуар таңдауға да мән беріп, түрлі ұлт өкілдерінің тыныс-тіршілігін әсем қимылмен жеткізсе, арнайы атаулы мерекелерде тақырыпқа сай қимылдар жасақтап, тарихи кейіпкер немесе арнайы оқиғаларды үнсіз көз алдымызға әкеледі. Мысалы, қазақтың әрі бай, әрі сан қырлы дәстүрлі өнерінде бидің өнері бөлек. Қазақ билерінің өзіндік ерекшеліктері мен орындалу әрекеттерін жете білу үшін алдымен қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен, әдет-ғұрпымен, салтымен, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қасиетті дәстүрімен танысу - жастардың алдында тұрған қасиетті міндет екендігін алға тартқан ансамбль, «Қара жорға», «Тәуелсіздік» биі, «Жасай бер, Қазақстан», «Алтын адам» - орыс халық биі, «Аққулар» биі, «Биші қайың» сияқты билері арқылы халқымыздың болмысын, көшпенді өркениетінің маңдай алды көріністерін би суреттерімен көрсетеді.
Аудандағы мәдениет саласына бар үлесін қосып жүрген ансамбльдің марапаттары да жетіп артылады. 2001 жылы ҚР Тәуелсіздігіне 10 жылдық мерекесіне арналған Жәнібек ауданының мәдени күндерінің концерттік бағдарламасына қосқан үлесі үшін, 2002 жылы «Теміржолшылар» күніне Ресей Федерациясының Астрахань теміржол бөлімшесінің алғысхаттарымен, 2004 жылы БҚО-да өткен аймақтық семинарда хореографиядан біліктілікті жоғарылату жөнінде №69 сертификатымен, 2005 жылы Дүниежүзілік бишілер күніне орай «Би - өнердің тәңірі» атты ансамбльдің қорытынды есеп концертінде, 2006 жылы ҚР Тәуелсіздігіне 15 жыл толуына орай облыстық халық шығармашылығы орталығының алғысхаттарымен марапатталып, 2007 жылы БҚО өткен хореографиялық қойылымдармен би ұжымдарын ұйымдастыруға арналған «Шебер класы» куәлігін алады. 2007 жылы «Ақмаржан» би ансамблі БҚО әкімінің өкіміне сәйкес екі облыс арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайту мақсатында көршілес Ресей Федерациясы Саратов қаласында өткен Қазақтардың аймақтық ұлттық - мәдени автономиясының құрылтайына арнайы шақырумен қатысып, 2008 жылы «Ақмаржан» би ансамбліне 10 жыл толуына орай ОХШО, 2008 жылы Тараз қаласында өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық фестивалінде жоғары баға алуына сіңірген еңбегіміз үшін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алғысхаттарымен марапатталды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2008 жылғы 26 желтоқсандағы №325 бұйрығымен Жәнібек аудандық «Ақмаржан» бишілер ансамбіліне «Халықтық» (үлгілі) атағы берілді. 2008 жылы өткен аттестацияның қорытындысы бойынша тарификациялық комиссияның шешімімен 2009 жылы жоғары категория тағайындалды. Зәмзәмгүл Мұратова бүгінгі күнге дейін жоғары білімі бойынша балетмейстер қызметін атқарып келеді.
Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігінің 26.12.2008 жылы шыққан №325 бұйрығы бойынша Жәнібек аудандық «Ақмаржан» би ансамбліне және жетекшісі Зәмзәмгүл Мұзаппарқызына «Халықтық» атағын беру туралы куәлігі берілді.
«Ақмаржан» халықтық би тобы үнемі өз репертуарларын жаңғыртып, жаңа шығармалар мен қойылымдар қойып ізденіс жасауда. Бүгінгі күні «Ақмаржан» халықтық би тобының жетекшісі Зәмзәмгүл Мұзаппарқызының тәрбиелеуінде 30 шәкірт бар.
Гүлім Қабдолова,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz