Сырым ауданына қарасты Жетікөл ауылдық округіне сапарында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов халықпен кездесуден алдын ауылда салынып жатқан бөгеттің жағдайымен танысты. «ҚұрылысГаз» ЖШС бөгеттің құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлауда.

Есептік кездесуде ауыл әкімі Айдархан Рамазанов биылғы атқарылған жұмыстарды саралады.
Бөгеттен кейінгі бұл ауылда халықтың күтіп жүргені – Қосарал ауылына кірме жол. Жолдың құрылысының ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Мердігер «ТОБИ» ЖШС өз қаражатын құрылыс материалдарын тасымалдауда.
Аудан прокуроры Ершат Қамбетов жол-көлік оқиғаларының алдын алу, интернет алаяқтардың құрбаны болмау, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды құқықбұзушылықтан қорғау туралы түсіндірді.

Аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайызбен несие алып, кәсіп ашу шарттарын жеткізді.
Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов бөгеттің құрылысы жылдың соңына дейін аяқталып, биыл қаржысының жартысын ғана бөліп, көктемде су келгеннен кейін бөгеттің жағдайы бақыланып, қалпына келтіретін жері болса, қарап, содан кейін құрылыс жұмыстарының қаржысы беріліп, жұмыс қабылданатынын айтты. Жолдың құрылысына қосымша 70 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс материалдары әзірге аудан орталығына жинақталып жатыр. ауыз суға 774 млн теңгеге жоба жасалып, сараптамадан өтті. Келесі жылдың бюджетінен Кеңашыдан Шағырлойға тартылған су құбырына қосып, Қосаралға бағытталады.
Ауыл тұрғыны Сағадат Дінекешов ауылдың жолы, ветеринарлық маманға қызметтік көлік, такси қызметінің бағасының қымбаттауы, Орал қаласына қатынайтын қоғамдық көлік ұйымдастыру мәселелерін көтерді. Басшылардың айтуынша, қоғамдық көлікті ұйымдастыруға ауылдан ниетті бір азамат шығуы керек. Бағдарлама арқылы 2,5 пайызбен 9 млн теңгеге дейін несие алып, микроавтобус сатып алуына немесе лизингке жаңасын сатып алып, 50 пайызын мемлекеттен субсидия ретінде қайтарып алуға болатынын айтты.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы