27.01.2022, 17:10
Оқылды: 70

Бір орталықтан екі хабар

Бөкей ордасы аудандық туризм және экология орталығы жуырда Хан Ордасы-Сайқын-Шоңай маршрутымен туристік-өлкетанушылық экспедициясын ұйымдастырды.

20

«Бөкей ордасы ауданы. Жәңгір ханнан Ұлы Отан соғысына дейін» тақырыбы негізіндегі экспедиция барысында қатысушылар Хан ордасы ауылындағы музей кешенін аралап, ауданның құрылу тарихымен жіті танысып, пантеонға тәу етіп, Ұлы Отан соғысының оты шарпыған Сайқын мен Шоңай ауылындағы бауырластар зираттарына, соғыс кезіндегі ғимараттарға барып, туған өлке тарихымен танысты. Экспедиция Сайқын аулындағы «Қару аманаты» саябағындағы ауданымыздан шыққан батырлардың есімін ұлықтаумен тәмамдалды. Аталмыш шараға туризм орталығының педагогтары, үйірме оқушылары және М-С.Бабажанов, М.Мәметова атындағы мектептерінің ұстаздары мен шәкірттері  қатысты.

«Балыққа ауа» акциясы

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Мұратсай бөгетінде «Балыққа ауа» акциясы өтті. Туризм және экология орталығы педагогары мен А.Құсайынов атындағы орта мектеп мұғалімдері мен оқушылары көптеп қатысқан шарада ұл балалар ойық ойып, қыздар қамыс сынықтарын жинап,  ойыққа салды. Осылайша оқушылар ұстаздарының жетекшілігімен көлдегі балықтарға оттегі жеткізді.

19

Оқушылар жұмыстарын аяқтаған соң тарих пәнінің мұғалімі А.Бисеналиев Мұратсай көлінің тарихын айтты, биология пәнінің мұғалімі Е.Құбайтов көлде кездесетін балық түрлерімен таныстырып, балықтар туралы қызықты мәліметтер берді. Жасөспірімдерді туған жердің тазалығын сақтау, табиғатты сүюге тәрбиелеу, табиғат қамқоршылары қатарын молайту, экологиялық апаттарды болдырмауға ат салысу мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысқан оқушылар жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарды.

Айшагүл Ерғалиева,

Бөкей ордасы аудандық туризм және

экология орталығының әдіскері

      

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале