Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған облыстық «Бір шаңырақ астында» достық фестивалі жоғары деңгейде өтті. Мерекелік шараға Батыс Қазақстан облысындағы түрлі этномәдени бірлестіктер қатысып, өз өнерлері мен ұлттық дәстүрлерін ортаға салды.

Фестивальдің ашылуында аудан әкімінің аппарат басшысы Темірболат Сағынгереев қатысушыларды құттықтап:
— Бұл – тек өнер мерекесі ғана емес, халықтар достығының көрінісі. Елдегі бейбітшілік пен келісім – басты құндылығымыз. Әр ұлттың салты мен дәстүрі – ортақ байлығымыз. Бүгінгі фестиваль соның нақты дәлелі, – деп фестивальдің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрғали Жолдасқалиев сөз алып:
— Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлтаралық татулықтың, қоғамдық тұрақтылықтың символы. Біздің мақсатымыз – достықты дәріптеп, әр ұлттың мәдени мұрасын қастерлеу. Осындай фестивальдер елдің бірлігін арттырады. Шыңғырлау ауданы – татулығы жарасқан өлке. Бұл игі шара үшін аудан әкімдігіне алғыс айтамыз, – деді.
Шара барысында ,Қазақстан халқы ассамблеясының Батыс Қазақстан облысы бойынша басшысының орынбасары,шешен ингуш "Вайнах" этномәдени бірлестігінің жетекшісі Данильбек Саратов:
— Біз Қазақстанды ортақ үйіміз деп білеміз. Бұл ел бізге тыныштық пен болашақ сыйлады. Қазақ халқына мың алғыс. Осындай шаралар – ұлт пен ұлтты жақындастырады, – деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

Шырайлы Шыңғырлау төрінде өтіп жатқан фестиваль қонағы БҚО ҚХА «Бірлік» әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары,«Ассамблея жастары» РҚБ БҚО өкілдігінің төрағасы
Элгун Ахмед оглы:"Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде тірлігіміз мерекелі, ынтымағымыз жарасымды болсын!"-деп шараға сәттілік тіледі.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 –жылдығына орай ұлтаралық келісім мен татулықты насихаттап, нығайтуға қосқан өлшеусіз еңбегі үшін Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық даму басқармасы басшысы Дархан Қадыралиевтың атынан алғыс хатпен аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мұрат Тұрабайұлы Бекжанов марапатталды.

Фестиваль шеңберінде түрлі этностардың биі биленіп, әндері шырқалды.
Фестиваль аясында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің атынан ауданның қоғамдық саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуіне белсене араласып, елеулі үлестерін қосқан үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне, фестивалге қатысушыларға алғыс хаттар тапсырылды.Сахна төрінде қатысушы этномәдени орталықтардың мүшелері мұндай шаралар ұлттар арасындағы ынтымақты нығайтып, рухани жақындасуға сеп болатынын атап өтті.

Бұл шара – бірлік пен татулықтың белгісі, көпұлтты Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді бағалай білетінін тағы бір мәрте көрсетті.

«Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік "қағидасын ұстанған ел үшін бұл шараның орны ерекше. Біз Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілікпен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын мақтанышпен айтамыз!
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы