14 сәурі күні жалпақталдықтар тағы бір қойылымның куəсі болды. М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театрында Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасының премьерасы өтті.
М.Ғұмаровтың шәкірті Нұрлан Шаканаевтің ізін басқан, театрдың жас режиссері Жанна Керімбекованың алғашқы қойылымы.
Отбасы тақырыбы - мәңгілік тақырыптардың бірі. Театр сахнасында жастарға үлгі боларлық, мәні бар шығармаларды қою қажеттіліктен туындап отыр. Осындай маңызы зор дүниелерден жастар сабақ алуы қажет. Ата-анасын ұмытпасын, бауырмал болсын, отбасы мейірімінен ажырамасын деген мақсатта «Бір түп алма ағашы» драмасы көрерменге ұсынылды. Қойылымның шешуші сәттерінде көрермендер көздеріне жас алды. Шынайы бейнені сахналаған өнер майталмандарын зор ықыласқа бөлеп, қол-қошеметпен алғыстарын білдірді.
Ананы Анар Мусина сомдаса, Мақсатты Жандос Жексенбаев сәтті орындай білді. Ал Нұрбек Мұқамбетқалиев, Мержан Дүйсенов, Азамат Дүйсеков, София Мерғалиева, Гүлхан Елемесова, Шайзада Елжановалардың рөлдерді сәтті шықты.
Қойылым соңында сахна төріне шыққан аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова театрдың режиссері Жанна Рамазанқызына жəне театрдың əртістеріне, ұжымға өзінің алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Тұрарбек АҚМУРЗИН
Жалпақтал ауылы
zhaikpress.kz