Казталов ауданы Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков Жалпақтал ауылында тұратын бір үйден шыққан Қазақстан Республикасының қос чемпион қызы, апалы-сіңлілі Анарбек Элеонора мен Анарбек Эльнараны салтанатпен қабылдап, үлкен құрмет көрсетті.
- Мектеп кезінен спортпен тұрақты шұғылданып, Жалпақтал балалар жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі атанған Элеонора Анарбек Тараз қаласында өткен спорттық самбо және жауынгерлік самбодан 2004-2005 жылы туған жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 47 келі салмақ дәрежесінде І орын алып, ел чемпионы атанса, спорттық самбодан жастар арасындағы дәл осындай чемпионатта ІІІ орын алып, қола жүлдеге ие болды. Ал,
Анарбек Эльнара болса Ақтау қаласында өткен жасөспірімдер арасында самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында 47 келі салмақ дәрежесінде жүлделі І орын алып, Қазақстан Республикасының чемпионы (2024 жыл) атанды. Екі спортшының да алғашқы бапкері Ғаділбек Сатыбалдиев екенін айта кеткен жөн. Осылайша, ел ішінде өткен көптің қолы жете бермейтін айтулы қос жарыста бір үйдің екі бірдей қызы чемпиондық жүлдені қанжығаға байлап, Жалпақтал ауылының атын республика көлеміне тағы бір мәрте таныта білді.
Біз, жампоздар қатарындағы қос бірдей самбошы қызымызды барлық ауылдастары атынан қол жеткізген үлкен жүлделерімен шын жүректен құттықтап, ауыл әкімі қабылдаған салтанатты шарада Жалпақталдың жомарт жандары ұсынған 150 000 теңгелік қос бірдей сертификаттың табысталғанын қуана хабарлаймыз.
Жақсылық шараға өз үлестерін қосып, жүзеге асырған ел ағалары Ғаділбек Әлібеков, Рауан Есенғалиев, Мәди Меңдешев, Серікбол Қадемов және спортшылардың сүйікті бапкері Ғаділбек Сатыбалдиевке апалы-сіңлілі самбошы қыздарымыздың атынан алғыс білдіреміз, - дейді Жалпақтал балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айбар Мұғалбаев.
Бір үйден шыққан қос чемпионның айтулы жүлделері құтты болсын!
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz