10.03.2022, 9:20
Оқылды: 43

«Бірлік ауырды қозғайды, тарих дәуірді қозғайды»

– Нұрлыбек Жасқайратұлы, туған топырағыңызға оралып, киелі де қасиетті өңірдің басқару тізгінін қолыңызға алғалы да жеті айдың жүзі ауды. Әрине, бұл «тау қопарып» тастайтындай уақыт емес. Десек те, осы аралықта барлық елді мекендерге ат шалдырып, аудан мекемелерінің жұмысымен де біркелкі танысып шықтыңыз. Не көріп, не байқадыңыз?

7DA3AC18-EEAD-427D-8EF1-18572185D369

– Иә, аудан әкімі қызметіне кіріскелі бері барлық ауылдық округ орталықтары мен елді мекендерде болдым, есептік кездесулер һәм қоғамдық қабылдаулар өткіздім. Аудан халқының басты тіршілік көзі – ауыл  шаруашылығы болғандықтан, жұртшылықтың төрт түлік малға, жайылымға, мал азығына және ауыз суға қатысты көкейкесті сауалдары жетерлік. Жалпы, қазір ауданымызда 553 шаруа қожалығы тіркеліп отырса, жеке қосалқы шаруашылықтар тағы бар. Өңірде жыл санап жайылым жайы өзекті тақырыпқа айналып келеді.

Несін жасырамыз, жерлестеріміз көршілес Ресей Федерациясына жалға берілген сынақ полигоны аумағын ауыл шаруашылығы мақсатында алаңсыз пайдалану жолдарын шешуді сұрайды. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп те жатыр, нәтижесін уақыт көрсетеді. Бөкейліктердің мазасын қашырып тұрған тағы бір өзекті мәселе - киік пен қасқырдың көбеюі болып тұр. Түз тағысы жиі-жиі өрістегі малға шапса, көп киік шабындық һәм жайылымдық жерлерді отап кетуде.

Ал енді ауданнан шалғай орналасқан Ұялы, Саралжын және Т. Масин ауылдық округі тұрғындарын ауыз су жайы алаңдатып отыр. Олар жерасты су қорына тиісті зерттеулер жүргізіліп, нақты көлемі анықталғанын қалайды. Енді Мұратсай су қоймасына қатысты әңгіме жалпақ жұртқа аян. Бұл жөнінде ақпарат құралдарында да біраз ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Қазір мұндағы су қоры 5-6 млн текше метр шамасында, негізінен оның сыйымдылығы 16,3 млн текше метрді құрайды. Былтыр Жәнібек суару-суландыру жүйесі арқылы Мұратсай көліне 2,5 млн текше метр су құйылса, биылғы жоспар – 4,1 млн текше метр. Әрине, бұл аз. Сондықтан Мұратсай су қоймасына келетін судың мөлшерін молайту үшін қосымша қаржы қарастырылса деген көптің өтініш-тілегі бар. Егер бұл мәселе өз шешімін тапса, суармалы алқаптар жанданып, шабындық пен жайылым аумағы артып, мал өрісі кеңейер еді.

– Мемлекет басшысының саясатын аймақтарда жүргізетін негізгі тұлғалар – әкімдер. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, қазіргі күннің талабы да, талғамы да жаңаша болып отыр. Сіз бұл қызметке саясат сахнасының бел ортасынан келдіңіз, өз көзқарасыңызбен  бөліссеңіз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дер кезінде ұтымды қабылдай білген шешімдерінің арқасында еліміз өз тұтастығын сақтап қалды. «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Президентіміз бірнеше мәрте халыққа өз Үндеуін жариялады. Үкімет құрамы жаңартылып, жаңа саяси реформалар қолға алынды.  Мұның бәрі үлкен өзгерістердің бастамасы ғана деп түсінеміз.

Жалпы, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды бірге құру,   утилизациялық алым мен қаржы нарығын реттеу, «Қазақстан халқына» қорын құру, инфляцияны төмендету, халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру  бағытындағы нақты тапсырмалары көптің көкейіне қонып отыр. Сонымен қатар жанар-жағармай мен сұйытылған газ бағасын реттеуді мемлекет өз бақылауына алды. Қазір ана кездегі қымбатшылық едәуір төмендеді, азық-түлік бағасы да тұрақталып келеді. Ендігі жерде жаңа істі қолға алуға ниет танытқан азаматтарымызға деген қолдау-көмек те күшейтілмек. Мемлекеттік грант мөлшері екі есеге артты, яғни  400 айлық есептік көрсеткішті құрап отыр. Бұл бастамалар өз жалғасын тауып, жерлестеріміздің жарқын өмір сүруіне бұдан да қолайлы жағдайлар туатындығына нық сенімдеміз. Күні кеше «AMANAT» деген жаңа атау иеленген негізгі партиямыздың ұстанған бағыт-бағдары да айқын. Ендігі басты міндет – елмен  етене араласып, биік белестерді бірлесе бағындыру. Осы ретте халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасына сай, жуырда аудан жұртшылығымен тікелей эфирде жүздесіп, көптің көкейінде жүрген сан алуан сауалға тиісінше жауаптар берілгенін де айта кеткенім артық болмас.

– Жетістігіміз ешкімнің жетегінде кетпес. Бөкейордалықтар үшін таяу жылдардың еншісіндегі ең маңызды жоба-жоспарлар қандай, солардың алғашқы лекте қолға алынып жатқандарын тарқатып өтсеңіз?

– Ауданымыздағы қордаланған мәселелер қатарында білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары бар. Білім беру ұялары кезең-кезеңмен жаңарып та жатыр.   «Ауыл – ел бесігі»  бағдарламасы бойынша Жәңгір хан атындағы жалпы орта білім беретін мектепті күрделі жөндеу жұмыстары былтыр бастау алса, биыл оны аяқтау үшін қажетті қаражат толықтай бөлінді. Мұның сыртында Жәңгір хан атындағы мектеп жанындағы жатақхананы, Жиекқұм ауылындағы 60 орындық бала­бақшаны, Алғашық пен Тайғарадағы бастауыш мектептерді бірін күрделі, бірін жәй жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Мәдени ошақтарға келсек, Хан ордасы ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізуге 160 млн теңге республикалық бюджеттен қарастырылды. Сайқын ауылдық округіне қарасты Жәрмеңке ауылындағы клубты күрделі жөндеу мен Бисен ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып,  қаражат көзі іздестіріліп жатыр. Мұратсай ауылындағы модульдік медициналық пункттің құрылысы мен жыры жылдарға созылған Ұялы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті басқармалармен келісім жүруде. Хан ордасы ауылындағы тарихи музей-кешенінің визит-орталығы мен әкімшілік корпусы құрылысына «ҚПО б. в.» компаниясы демеушілік жасамақ.

– «Бәрін де кадр шешеді» деген тәмсіл бар. Жекелеген азаматтарды жауапты қызметтерге қоярда сіз қандай қасиеттерге жүгінесіз? Өткен мерзімде өз шешіміңізбен жасалған ауыс-түйістер болды ма?

– Мен ең бірінші, қарапа­йымдылықты сүйемін. Екіншіден, адам қандай қызмет атқармасын, адал, сөзіне берік, жауапкершілігі мол болғанын қалаймын. Өмір – күрес. Әркім жеңілгенін де, жеңгенін де, өзінің әлсіз тұстарын да мойындай білуі тиіс. Бір күн былай, келесі күні ауытқып басқаша сөйлейтіндерге жаным қас.

Аудандағы кадр мәселесіне келсек, өзгерістер қай кезде де болмай тұрмайды. Біреулер міндетін дұрыс атқара алмағандықтан орындарын босатса, енді бірінің өмірлік тәжірибесі өзге салаға қажет болып жатады. Осыны кім болса да түсіністікпен қабылдағаны жөн. Бүгінгі ат үстінде жүрген әріптестерімнің дені білім-білігі толысқан, халықпен ортақ тіл табыса білетін жандар. Өз басым «командалық» ауыс-түйіске қарсы болғандықтан, артымнан ешкімді ерте келгенім жоқ. Мен қызметке кіріскелі екі ауылдық округте әкім сайлауы өтіп, тұрғындар өздері қалаған үміткерлерді таңдап алды. Көптің сенімін ақтап, абырой үдесінен көріну енді сол азаматтардың арына сын.

Меритократия қағидаты негізінде аудан әкімі аппаратында да бірқатар ауыс-түйістер жасалды. Күні кеше аудандық білім беру бөліміне жаңа басшы тағайындалды. Қызмет болғасын, әрине, кемкетік те ұшырасып жатады.

Әрі үлкен-кішінің бәріне бірдей жағу да мүмкін емес шығар?! Тек ащы да болса, ақиқатқа жүгінейік. Қызмет бабында алдымен тамыр-таныс пен тума-туысқа бүйрек бұрылса, ондай жанның маңдайынан ешкім сипай қоймас.

 – Жасыратыны жоқ, мал-жанның амандығын алдымен сұрайтын қазақтың баласымыз ғой, оның да реті келер. Әзірше тіл ұшына оралып отырған келесі сұрақ: күні ертең Бөкей ордасының қайта құрылғанына 50 жыл толады. Алыс-жақында жүрген жерлестер осы төңіректе нендей жұмыстар қолға алынып жатқанын өз аузыңыздан естісе...

– Ол рас. Араға 20 жыл үзіліс салып, 1972 жылдың 10 наурызында   ауданымыз қайта құрылды. Осыған орай негізгі іс-шаралар жоспары жасақталып, құжат жүзінде бекіді. Оның ішінде облыстық ғылыми-практикалық конференция, «Атамекен – алтын бесігім» атты аудандық фотосурет байқауы, оқушылар арасында баскетболдан аудан біріншілігі, Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығында көрме өткізу секілді шаралар бар. Қасиетті өлкеміздің өткен тарихынан сыр шертетін толымды кітап шығару да ойластырылып жатыр. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, өз кезегінде сән-салтанаты келіскен мерекелік жиын өткізіп, соңын дала қызықтары мен халық серуеніне жалғастырмақ ниеттеміз.

– Көне шаһардың қатпарлы тарихын түртсең, тіні тарқатылып жүре береді ғой. Қазақтың қаһарман қызы, кіндік қаны Орда топырағына тамған даңқты жерлесіміз Мәншүк Мәметованың туғанына да осы жылы бір ғасыр толады. Жоғары жақтың өз ойлағаны бар шығар, ал Батырдың туған өлкесінде қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ?

– Осы жылдың еншісіндегі ең маңызды атаулы даталардың бірі –  М. Мәметова­ның туғанына 100 жыл толуына арналған мәдени көпшілік іс-шара десек, артық айтқандық болмас. Білім беру ошақтары мен кітапханаларда осы мерейтойға орай ашық сабақтар мен тәрбие сағаттарын һәм дөңгелек үстелдер өткізу, отты жылдардан бейнефильмдер көрсету,  облыстық әскери патриоттық әндер байқауын ұйымдастыру жоспарымызда бар. Сонымен бірге облыстық деңгейде ерлер мен қыздар арасында волейбол сайысы және ақындар айтысы жалауын көтермек. Бұдан өзге Ресей Федерациясының Невель қаласына экскурсия және ауданда ғылыми-практикалық конференция жасау да негізгі міндеттер қатарында.

– Нұрлыбек Жасқайратұлы, аудан тұрғындарының газ-сумен және баспанамен қамтылу жайы қалай?

– Ауданның негізгі елді мекендеріне көгілдір отын толықтай жетсе, таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 90%-ды құрайды. Тек соңғы үш жылда 11 елді мекенге ауыз су құбыры тартылса, өткен жылдың соңында Тереңқұдық пен Бисен ауылының халқы осындай қуанышқа кенелді.

Сауалыңыздың екінші жартысына келсек, ауданда тұрғын үй құрылысы 2006 жылдан бастап дендеп қолға алынған. Осы мерзімде бір пәтерлі 34 және екі пәтерлі 26 үй бой көтеріп, 86 отбасы баспаналы болды. Таяуда ғана Сайқын ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 52 пәтердің кілті әлеуметтік осал топ санатына жататын тұрғындарға табысталды. Бұған қоса, Сайқын ауылында 22 екі пәтерлік, екі қабатты 12 пәтерлік және Бисен ауылында екі пәтерлік екі үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтуде. Яғни құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Баспана қашанда басты мәселенің бірі ғой. Келешекте жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында әзірше Хан ордасы мен Мұратсай ауылдарының бас  жоспары  жасалды.

– Ауыл халқының негізгі күнелтісі төрт түлік мал мен шағын және орта кәсіпкерлік екені баршаға  мәлім. Соңғы жылдары асыл тұқымды мал басы көбейіп, алыпсатарлыққа да біраз төселгенімізбен, шағын өндіріс ошақтарын ашу мәселесі әлі күнге кенжелеп келе жатқаны жасырын емес. Аудан орталығындағы жабық базардың жайы да көпке таныс. Мұның бәрі қаржыдан туындап отырған қиындықтар ма, әлде осы іске жауапты адамдардың қабілет-қарымынан ба?

– Жыл басындағы нақты есеп бойынша ірі қара 80 611 басты құраса, қой мен ешкі – 88 067, жылқы – 29 902, түйе 1 104 басқа жетті. Атакәсіпке бет бұрған 11 шаруа қожалығы жаңадан қосылды. Былтыр мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру бойынша 181 шаруа қожалығына 521 млн 818 мың теңге субсидия төленді. Осылайша асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін 26 шаруашылық иеленді.

Келесі кезекте айтарым, ауданда 1087 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, ондағы адам саны – 2132. 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Агробизнес» бағдарламалары мен «Бастау бизнес» жобасы бойынша игерілген қаржылар негізінен мал өсіруге, тұрмысқа қажетті қызмет көрсету және шағын өндіріс орындарын ашуға бағытталды. Ақпан айында  кәсіпкерлік саласын одан әрі дамыту бағытында келелі кеңес өтіп, онда да біраз ұтымды ұсыныстар айтылды. Әлгінде өзіңіз тілге тиек еткен Сайқындағы «Береке» жабық базарын болашақта гипер не супермаркетке айналдырудан бастап, газ құю стансасын ашу, ескі спорт мектебін фитнес орталығына немесе жүзу бассейніне айналдыру, мал сою орнын жасақтау, бетон бұйымдарын шығару, жанар-жағармай стансасын іске қосу сияқты бірнеше жоба ұсынылды. Ауданның экономикалық әлеуетін дамытуға септесер мұндай бастамаларды  қолдауға әр кез дайынбыз.

– Әкіммен әңгіме-дүкен құрған соң, бөкейордалықтардың жүйкесін жұқартқан қатқыл табанды жол мәселесін айналып өту жөн болмас. Бұл бағытта нендей өзгерістер бар?  Сондай-ақ аудандық маңыздағы және ауылішілік жолдардың жай-күйіне қатысты не айтасыз? 

– Біздің аймақтағы аутокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 385 шақырым болса, оның ішінде республикалық һәм облыстық маңыздағысы – 124-116, аудандық деңгейдегісі 145 шақырымды құрайды. Республикалық  маңыздағы жолдың күрделі жөндеу жұмыстарын екі мердігер атқаруда. Өкінішке орай, қазіргі күнге дейін тек 14 шақырымы ғана асфальтталды. Мұның сыртында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сайқын ауылының 15 көшесі мен Бисеннің 1,4 шақырымдық кірмежолына асфальт жабын төселді. Хан ордасы ауылының екі көшесін асфальттауға да қаражат бөлініп, қазір мердігер анықталуда. Сайқынның тағы 16 көшесін қатқыл табанға айналдыру үшін жобалық-сметалық құжаттамалар қолға алынса, биыл Хан ордасына кірмежол да (21 шақырым) жаңартылмақ. Оған қажетті материалдарды тасымалдау ісі басталып кетті. Мұратсай ауылының 18 шақырымдық бұрылыс жолын ретке келтіру де осы жылдың еншісіндегі шаруа. Қысқасы, құжаттары дайын жобалар қаржының бөлінуіне байланысты біртіндеп  іске  асырыла  бермек.

– «Жан бергенге жәй бер» демейді ме қазекем. Жеті айға жүк боларлық біраз жайлар қамтылған сияқты. Түйінсөзіңізді де тыңдай отырсақ...  

– Шынында, басты ой-жоспарлар енді ғана қолға алынып жатыр. Ең негізгі ауқым­ды міндеттер алда тұр. Жалпы, басшы болу да, қосшы болу да әркімнің маңдайына жазған тағдыр сыйы ғой. Оның үстіне өскен орта, туған өлке тағдырына жауапты болу – жеңіл міндет емес. Елдің бетінде, желдің өтінде жүрген жанға сынақ та, сұрақ та көп болатыны аян. Бәріне уақыт төреші. Ең асыл қазына – бірлік. Қайдан, кімнен оқығаным есімде жоқ: «Бірлік ауырды қозғайды, тарих дәуірді қозғайды» деген даналық сөз бар ғой. Осыны барша бөкейліктер есте ұстаса, алар асуларымыз аласармасына сенімдімін.

Сұхбаттасқан Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале