11.05.2021, 10:04
Оқылды: 106

Біз – батырлардың жерлесіміз

Шыңғырлау өңірінен де бір емес, бірнеше Кеңес Одағының батыры шыққан. Жерлестеріміз батырларымызбен мақтанады, олардың көзсіз ерліктерін үлгі етеді. Батырлар мекенінде өсіп жатқан бізге де бұл үлкен мақтаныш.

Батырлар алаңы (1)

Кеудесімен пулеметті жауып, жанкештілік танытқан Сүндетқали Есқалиевтің жерлесімін деп мақтанышпен айтудың өзі неге тұрады?! 18 жасар бозбаланың сұм соғысқа аттанып, Отан үшін от кешкені барша жұртқа батырлықтың үлгісі деп білемін. Жеңіс жолында аянбаған, «аузы жабылмаған» пулеметке кеудесін тосып, жауынгерлерге жол ашқан батыр ата 1924 жылы Шыңғырлау ауданы, Сулыкөл ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, 556 атқыштар полкінің рота құрамында болған. Могилев облысының Лудчицы деревнясын неміс басқыншыларынан азат ету шайқасында А.Матросовтың ерлігін қайталап, үлкен ерлік танытты. Аталмыш ерлігі үшін батыр атамызға Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Трактор жүргізушісі болған жерлесіміз Георгий Шевцов танк жүргізуді тез игеріп, майдан шебінде аса ептілік көрсетіп ұрысқа атсалысады. Қайсарлығы мен өжеттілігінің арқасында көзге түсіп, аса жанкештілікпен Украина, Румыния және Венгрияда фашистерге қарсы шайқасады. Румыниядағы Сереет өзенінің бойындағы шайқаста ерлігімен көзге түседі. Көпір бойы миналанған екен. Оны сезген жауынгерлер аумақты минадан тазартып, көпірді жаулап алады. Онымен қоймай 3 жау танкісін және 1 ротадай жау автоматшыларын басып алады. Шыңғырлаулық батыр осы шайқаста батырлықтың үлгісін көрсетеді. Өкінішке орай, жерлес батырымыз жеңісті өз көзімен көре алмай кетеді. 1945 жылғы 9 қаңтарда Венгриялық Комарно қаласы үшін болған шайқаста көз жұмды.

Лубен селосының (қазіргі таңда Ақшат ауылдық округі) тумасы Андрей Тихоненко де ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының батыры атағына ие болған адам. Госпитальға түсіп қалған кезінде әпкесі мен әйеліне: «Қазір жағдайым жақсы, ұрыс алаңына аттануға дайынмын. Егер Отаным жолында қаза тапсам, ұлдарым өскенде оларға мен туралы айтыңдар» деп хат жазған екен. Неман өзенінің бойындағы шайқаста пулеметші А.Я.Тихоненко қорғаныс шебіне шығады. Алға шығып, фашистердің жақындауын күтіп отырады. Жаудың санының көптігінен басымдық жау шебінде болады. Жауынгердің жолдастары қаза тауып, жалғыз қалса да, артқа шегінбей жалғыз өзі 30 шақты солдатты сұлатады. Жау жігітті қоршауға алған сәтте, гранатаның сақинасын тартады. Осылайша ерлік танытып, Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

Жерлесіміз Мұхамбетов Бисенғали атамыз да ерлігімен көзге түсіп, көптеген марапатқа ие болған. Ақшаттық батыр Висла өзенінің бойындағы ерлігі үшін, жау траншеясына кіріп 4 немісті жойып, сол ұрыста ерлік көрсеткені үшін, Одер өзенінің батыс жағасында болған шайқастағы ерлігі үшін бірнеше марапатқа, атаққа ие болды. Соғысты Берлинде аяқтап, көп жылдар бойы «Лубен» кеңшарында, кейіннен «Шыңғырлау» кеңшарында қызмет атқарған. 1966 жылы дүниеден озған.

Осындай батырлардың жерлесі болғанымызды мақтан тұтып, үнемі рухын көтеріп жүрсек деймін. «Ерлік еш ұмытылмақ емес». Бізге жеңіс сыйлаған әр ардагер, әр тыл еңбеккері – батыр деген атқа лайық. Осындай батырлармен көзбе-көз сөйлесіп, көрісе алмау – біз үшін ең үлкен өкініш. Өлім ешкімді аямақ емес. Осыдан бірер жыл бұрын үлкен өкінішке орай, ауданымызда қалған екі бірдей соғыс ардагері өмірден озды. Үнемі мақтаныш етіп, үлгі тұтар жандарымызды мен де көзбен көріп, кезінде аз да болса сөйлескенімді мақтан етемін. Осындай батырлардың көзі тірі болып, жанымызда жүрмегені өте өкінішті, әрине. Ол кісілерден үйренеріміз көп екені айдан анық, ол кісілердің де қазіргі жастарға айтары бар болар...  Сол заманның сұрапылынан қалған ізді ардагерлердің көзінен-ақ оқуға болатын. Жаман ойдан аулақпын, дегенмен сонау кездің қиындығы мен шарасыздығы қайталанар болса, көзсіз ерлік танытқан батырларымыздың ерлігін қайталар азаматтар мен азаматшалар арамыздан шығар ма екен? Әй қайдам, әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуден қашып жүрген ерлерден не күтерімізді де білмейміз...

 

Айбарша Аймырзақызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале