11.03.2026, 16:45
Оқылды: 56

Біз - сенің еркіндігіңнің бағасымыз!

Сырым ауданында «Алаш тарихының іздері және ұрпақтар сабақтастығы!»  атты ғылыми - тәжірибелік конференция өтті. 

PHOTO-2026-03-10-11-04-58

Сырым ауданы әкімдігінің тікелей қолдауымен С. Датұлы атындағы тарихи - өлкетану музейі ұйымдастырған Астана қаласынан т.ғ.кандидаты, қауымдастырылған профессоры, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, Алашорданың Батыс бөлімінің тарихын зерттеуші ғалым, Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, Алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, қазақтан шыққан тұңғыш геолог Беркінғали Атшыбаевтың ұрпақтары -   филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Ермекова, Бағытжан Імірғалиұлы, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің  директоры Дулат Исабаев, Қаратөбе ауданынан Қ.Хасанов атындағы Қаратөбе  музейінің директоры, Алаш мұғалімі Төлеген Иманғазиевтің ұрпағы - Сәбит Хасанов,  ақын, журналист, тарихпен өз тілінде сөйлескен ғалым, “Egemen Qazaqstan” газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы қатысты.

PHOTO-2026-03-10-11-05-00

Меймандарды Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қарсы алды.

Ерекше оқиға - Жымпитыға Алаш офицері Рахметолла Қаржаубаевтың қызы Дана ханымның келуі.

Осыдан бірер апта бұрын “Сырым елі” газетінде Рахметолла Қаржаубаев туралы өлкетанушы Айнагүл Ойшыбайдың “Алашқа адал адъютант. Қаржаубаев туралы не білеміз?!” атты мақала жарияланды. Иә, Қаржаубаев - Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтың адъютанты болған, үкіметтің әкімшілік, әскери және байланыс жұмыстарын ұйымдастыруға қатысқан.

Рахметолла кейін тұтқындалады. Сібірдегі Ухтинск қаласындағы лагерьге айдалып, сол жақта қосағын табады. Кеше Жымпитыға келген Дана Рахметоллақызы- лагерьдің барағында дүниеге келген сәби.  Асылдың сынығы биыл мерейлі 80 жасқа аяқ басқалы тұр.

PHOTO-2026-03-10-11-04-57

Шараны ұйымдастырушы Айнагүл Мағауияқызының айтуынша, тарихты жақындатып, Дана ханымды Ресейден Жымпитыға алып келген атыраулық Көпболсын Мұратұлы деген азамат екен.

PHOTO-2026-03-10-11-05-01

Меймандар Жымпитыдағы Алаш үкіметінің резиденциясы болған үйде болды, кейін Алаш саябағына барып, арыстардың тас бейнелерімен тілдесті. Мүсіндердің жүзіне қонған қырау олардың тағдырларының суығын сездіреді.

PHOTO-2026-03-10-11-04-59

Мемориалдық белгінің алдында Жымпиты және Бұлан халықтық театрларының актерлары “Жымпиты аманат!” қойылымын ұсынды. Режиссері - Назерке Сауырбаева.

PHOTO-2026-03-10-11-04-59 (1)

Аязды күні ашық аспан астында спектакль көру де - бір ғанибет. Әрі ол Алаш тақырыбында болса. Денеңді күннің емес, мұңның суығы қариды.

PHOTO-2026-03-10-11-04-57 (1)

Жас ұрпақ Әлихан Бөкейханов пен Иса Қашқынбаевтың рухымен тілдеседі:

Ұрпақ: Мен тәуелсіз елде өмір сүріп жүрмін. Бірақ сол тәуелсіздіктің құнын сезінемін бе?Сіздер кімсіздер? Неге жүрегім сіздерді көргенде дір етті? - деп сауал қояды.

Әлихан оған: “Біз — сенің еркіндігіңнің бағасымыз.” - десе, Иса:

Сенің әрбір еркін демің - біздің жанымыздың өтеуі.” - деп жауап береді.

PHOTO-2026-03-10-11-04-59 (2)

Айта кетейік, биыл ұлт көсемі Ә.Бөкейхановтың туғанына 160 жыл, Алашорданың батыс бөлімшесінің қайраткері Иса Қашқынбаевтың туғанына 135 толады.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Суреттер Қоңдыкер Елеуовтікі,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале