Жақында Бөрлі аудандық орталық кітапханасында «Жас ақындармен сырласу» атты жоба қолға алынып, «Біз таланттыларды іздейміз!» байқауы өткізілді.
Мақсат өлеңге, жырға жақын, поэзияға қызығушылығы зор, жас буынның сөздік қорларын молайту, жан-жақты қабілеттерін ашу болатын дейді ұйымдастырушылар. Үш кезеңнен тұратын байқауға 14 пен 17 жас аралығындағы байқауға өлең шығаратын 10 үміткер түрлі лақап атпен қатысты.
Байқау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исатай Карабаевтың сәттілік тілеуімен ашылды.
Бірінші кезеңде үміткерлер "Үй тапсырмасы" бойынша еркін тақырыпта өздерінің шығарған өлеңдерін тапсырды. Екінші кезеңде берілген дайын ұйқасқа өлең құрап, шеберліктерін танытты. «Поэзия - сезімдер патшалығы» деген қорытынды кезеңде жас ақындарымыз еркін тақырыпта берілген аз ғана уақыт ішінде бірнеше шумақ өлең шығаруға тиіс болды. Байқаудың ең күрделі тұсы да осы болды. Байқауға қатысушы жас талаптарды бағалауға әділ қазылар болып ақын Дариға Нұрашова (осы жолдардың авторы), мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Алмагүл Ахметова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім Кенжеғаным Акашевалар қатысты.
Бас жүлдені «Бүркіт» есімді лақап атымен қатысқан Ақсай техникалық колледжінің ІІІ курс студенті – Аманай Балмурзин жеңіп алды. Ал І орынды №7 ЖББОМ-тің 10 сынып оқушысы Гүлім Сариева, лақап аты - «Лашын», ІІ орынды №6 мектеп-лицейінің оқушысы Әсемгүл Жұмағазиева, лақап аты - «Жарқынай», ІІІ орынды №2 ЖББОМ-тің 8-сынып оқушысы Айкерім Орынбасар, лақап аты - «Періште» жеңіп алды.
Байқаудың негізгі мақсаты тума таланттарды іздеп табу болса, ұйымдастырушылар осы мақсаттарына жетті деп ойлаймын. Сол күнгі үлкен олжа, өзім үшін де қуанышты жағдай - бұған дейін әрегідік көрініп жүрген Аманай Балмурзиевтің бас бәйгені алуы еді. Алғанда да жәй алып қоймай, жасындай жарқ етіп, күндей күркіреп шыға келуі еді. Байқаудың үш кезеңінен де сүрінбей өтіп, үзілісте жігерлене жыр оқып тұрған жерінен әңгімеге тарттым.
Аманай, туған жерің Ақсай ма?
Иә, апай, қаладағы 1-інші мектепте 9 сыныпқа дейін оқыдым. Қазір Ақсай техникалық коледжінде дәнекерлеуші мамандығында оқып жатырмын.
-Дәнекерлеуші?
-Иә. Әдебиетке көбірек бүйегім бұратын болғандықтан кейде өкінемін. Бірақ, болашақта мүмкін кәдеге асып қалар. Алда талай өмір бар ғой.
-Кітапханашылардан сенің кітапты көп оқитыныңды білдім. Әдебиетке құштар болдың ғой?
-Тек көркем әдебиет емес, басқа дүниелерді де көп оқимын. Көп нәрсе білгім келеді. Сондықтан әдебиетке құштарлық деуге келе ме, келмей ме, білмеймін.
-Жалпы, қандай кітаптарды оқығанды жақсы көресің? қазір қандай кітаптар оқып жүрсің?
-Шетел әдебиетін көбірек оқимын. Өлеңді қазақша жазғанмен, орысша көбірек оқиды екем. Ал нақтылап айтсам, мені қазір антиутопия жанрындағы кітаптар қызықтырып тұр. Дәл қазір «1984» оқып жатырмын. Жоспарымда Сэлинджердің «Над пропастью во ржи» бар. Макиавеллидің «Государьы» да кезек күтіп тұр.
-Жаныңа жақын тағы қандай өнерің, хоббиің бар?
-Қазір рэп жазып, орындап жүрмін. Мені қатарластарымның көбі түсіне бермейді. Рэпті кейбіреулер баланың ойыны көреді немесе махаббат туралы ән шығару деп ойлайды. Оларға мен Оксимиронды тыңдауды ұсынамын. Ғажап альбомдары бар. Ол ақын, рэп орындаушы ғана емес, қоғам қайраткері. Оксфортта оқыған. Сондықтан дәл қазір рэппен айналысып жүргенімді еш қомсынбаймын.
-Ұнатпайтын нәрсең бар ма?
- Мына тақырыпқа өлең жаз деп ұсынғанды ұнатпаймын. Олай жазбауға тырысамын. Жаза қалсам ол ең нашар өлең боп шығады. Өлең адамның өз жүрегінен шықпай ма?
-Ал болашақта?
- Болшақты болашақ көрсетеді ғой. Әзірге филиология мамандығына барсам деген ойым бар.
-Бәрекелді. Ойыңның жүзеге асуына тілектеспін.
Рахмет!
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz