5.09.2024, 15:45
Оқылды: 221

БҚО әкімі Ақжайық ауданының тұрғындарымен кездесті

Бүгін Ақжайық ауданына жұмыс сапары аясында  облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұртшылықпен  кездесті. Алдымен аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесінде грант арқылы ісін өрбіткендер өңір басшысымен сұхбаттасып, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесі таныстырылды.

E796B854-C35C-4C08-9467-522C5F353C3D

Ақжайық – ауыл шаруашылық тұрғысынан алғанда инвестициялық қолайлы аудан. Жайықтың бойын тең жайлаған ауданда 1 228 шаруашылық құрылымы бар. Саладағы жалпы өнім де осы жылдың 7 айында 16 млн 455 мың теңгеге жетті. Бұл ақжайықтықтардың берекеге бетбұрыс жасағанының анық көрінісі. Жиында алдымен сөз алған аудан әкімі Мұрат Сердалин өз баяндамасында да ауыл шаруашылығының даму деңгейі мен шаруаларды толғандыратын өзекті мәселелерді алдыңғы орынға шығарды.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, өңірде саланың дамуына қаражат салғандардың қатары жыл санап қалыңдап келеді. Мысалы, 2024 жылдың 7 айында шаруалар өз ісінің қарқын алуына 666 млн. теңге инвестиция салған. Қыр төсіндегілердің осы ұмтылысына сай мемлекеттен бөлінетін субсидия көлемі айтарлықтай өсуде – 911 млн теңге.

9365BA7E-C768-490F-B588-73756E026E0B

Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер дейміз.  Яғни мемлекетіміздің стратегиялық қоры саналатын жерге қатысты да «майда-шүйде» мәселе болмайтыны белгілі. Соңғы үш жылда пайдаланылмай жатқан көлемі 58,8 мың га 30 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта айналымға енгізілген. Соның ішінде биыл қайтарылғаны  11 584 га құрайтын 10 жер учаскесі.

Облысымыздың өзге өңірлеріндей, Ақжайықта жол мәселесі өзекті. Республикалық маңызы бар «Орал – Атырау» күрежолының бойында 23 елді мекен болса, солардың тек тоғызында ғана кіреберіс жол талапқа сай. Келесі жылы Мерген мен Атамекен ауылының кірме жолдары жөнделеді деп жоспарланды.

C7D602F1-066A-4A71-B58B-8C39305B04E0

М.А.Сердалин  өз баяндамасында кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, білім, мәдениет, инфрақұрылым, т.б. салалардағы көрсеткіштерді атап көрсетті. Соның ішінде өңірімізде екінші жыл жүзеге асырылып жатырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша көрсеткіштер айтарлықтай. Мысалы, 2023 жылы аталған бағдарлама арқылы 109 кәсіпкер 781,1 млн теңге несие алған, олардың 83-і кәсіпкерлігін жаңадан тіркеді. Қызметке кіріскен кәсіпкерлер 128 жаңа жұмыс орнын ашқан.

Биыл аталмыш бағдарлама аясында 402,9 млн. теңгеге 52 өтінім тапсырылды. Қазіргі таңда олардың 37-сі мақұлданып, 13 кәсіп иесі несие қаражатын алып үлгерген, тағы 13-і комиссия қарауында.

0A750A72-2A94-44CE-BAFE-A2C250018F08

Облысымыздың тыныс-тіршілігін қысқаша баяндаған өңір басшысы Н.Т.Төреғалиев сөзінің басында су тасқыны салдарынан болған қиындықтарды еңсеруде атқарған қызметтерді ортаға салды. ҚР Президентінің тапсырмасына сай, үйсіз қалған облыс тұрғындары 1 қыркүйекке дейін жаңа баспанаға ие болды.

6B88F0E3-AC0E-4283-9C35-EECFCB8284A3

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында атап өткендей, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шағын кәсіпкерлікті дамытуға зор серпін берді. Бұл бағдарламаға Президентіміздің екпін түсіріп отырғандағы мақсаты – еліміз экономикасын газ бен мұнайға тәуелділіктен арылту, яғни өңдеу өнеркәсібін жетілдіруге ден қою. Мұның ішінде өзге де салалармен қоса, ауыл шаруашылығы да бар. Себебі ауыл шаруашылығы дамымаса, ауылда тұратын ағайынның тұрмыс сапасына кері әсерін тигізеді. Айталық әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрімен біз облыс халқын түгел қамти алмай отырмыз. Біз «Ауыл аманаты» секілді өзге де бағдарламаларды ауылдың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға бағыттауымыз керек, – деді Н.Төреғалиұлы.

Кездесуде ұсыныспен шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев Көнеккеткен, Қабыршақты, Ақсуат ауылдарына Мәдениет үйлерін салып беруге ықпалдасуды сұраса, Тайпақ ауылынан келген Боранбай Қыдырғожин ауылішілік жолдарды жөндеу, медицина кадрларын ауылға тарту қажеттігін алға тартты. Мойылды, Алғабас, Жамбыл, Чапаев ауылының тұрғындары атынан сөз алғандардың тілегі – кіре беріс және көше жолдарын жөндеу. Ал Есенсай ауылының тұрғыны Қаныбек Қажғалиев Жайықтың Бұқар бетінде орналасқан 7 ауылдық округке ортақ спорт кешені салынса, бұқаралық спортты дамыту үшін игі іс болатынын айтты.

– Ауылдың әлеуетін арттыруға тек билік қана емес, кәсіпкерлер де мүдделі болуы қажет. Мысалы, Бұлдырты ауылында осындай нысанды кәсіпкер салып берді, кейін билік сол кешенді сатып алды. Бұл әдіс бюджеттік тұрғыда тиімді, егер мемлекеттік қаражатына салынса, екі есе қымбатқа түсер еді. Жайықтың сол жағалауындағы округтерге арнап спорт кешенін салуға кәсіпкер тауып, келесі жылға жоспарлаймыз, – деді облыс басшысы.

Жиында аудан тұрғындары өзге де сұрақтарын жолдап, жауап алды. Артынан облыс әкімі, облыстық департамент, басқарма басшылары жеке  қабылдау өткізді.

Әлия Шарапиева

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале