Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Тасқала ауданына келді. Өңір басшысы алдымен ауданға қарасты Ақтау ауылының ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмысына аяқтай барып көрді.
Тасқала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» тапсырыс беруші саналатын жол құрылысына «Тоби» ЖШС мердігер болып танылған. Авторлық қадағалаушы «STROYCONSALTING» ЖШС болса, «Акгем строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық қадағалаушы болып бекітілген.
Жалпы күрделі жөндеу жұмыстарының ұзындығы 5,6 км қашықтықты құрайды, яғни 12 көшенің жолдары жөнделетін болады. Аталмыш жол құрылысының жоба құны – 719,434 млн теңге. Жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмысын көрген облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы қыркүйек айының бірінші он күндігіне дейін толықтай аяқтауды тапсырды.
Келесі кезекте аталмыш ауылдағы екі пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысының қарқынын барып көрді. Мердігері – «NS GROUP» жеке кәсіпкерлігі. Екі пәтерлі бір тұрғын үйдің құны 35 млн 156 мың теңгені құрайды. Құрылыс 2023 жылдың мамыр айында басталып, биылғы жылы пайдалануға беріледі. Жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрайтын жаңа тұрғын үйде зал, екі жатын бөлме, ас бөлме және санитарлық торап қарастырылған.
Екі пәтерлі бір тұрғын үй құрылысы қыркүйек айында табысталады. Қазіргі таңда әрлеу, айналасын абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Қалған екі пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысын аяқтау қазан айына жоспарланған. Уақытша құрылған жұмыс орны жұмыспен қамту орталығы арқылы бір адам алынды. Өңір басшысы жаңа үйлер салумен қатар электр жарығын жаңартуды, ескі үйлердің орнын тазалау және көшелерді абаттандыруды қадағалап айтты.
Салынып жатқан үйлерге жоғары баға берген облыс әкімі әрі қарай Ақтау ауылындағы «Жаукенов» жеке кәсіпкерлігінің дайын металлдан жасалған бұйымдарын көрді. Дайын металлдан бұйымдар жасайтын цехтың иесі – Мақсат Жаукенов деген азамат. Жобаның құны 2,9 млн теңгені құрайды. Қаражат көзін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында үйлестірген. Аталмыш жобада бір жұмысшы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жеке кәсіпкердің айтуынша, металл бұйымдарын жасайтын станок Ресейден әкелінген. Қазіргі таңда орындықтар, мангалдар, қақпалар және т.б әртүрлі пішінде бұйымдар жасалуда. 2024 жылдың 1 тоқсанынан бастап іске қосылып, қазір жұмысын жандандырып келеді. Облыс әкімі «Жаукенов» жеке кәсіпкерлігінің қолынан шыққан туындыларды қолдап, кеңінен насихаттауды тапсырды.
Одан әрі аталмыш ауылда «MIDSU» ЖШС-нің «Вulak Su» премиум класты су өндірісіне бас сұқты. Нысанның құрылысы 2022 жылдың 4 тоқсанында басталып, 2024 жылдың 1 тоқсанында пайдалануға берілді. Аталмыш кәсіптің жоба құны – 120 млн теңге. Жобаның қуаттылығы тәулігіне – 1 мың бөтелке су (0,3л., 0,5л., 0,7л.). Өз қаражаты есебінен құрылған жұмыс орнына 10 адам тартылады. Су өндіріс цехын көрген облыс басшысы Нариман Төреғалиев жеке кәсіпкерге сәттілік тілеп, өндірісін әрі қарай жүргізуге қолдау білдіретіндігін жеткізді.
Аудан тұрғындарымен кездесу жиынына Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев, әр сала бойынша облыстық департамент басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен аудан әкімі Талғат Шакиров осы кезге дейін атқарылған жұмыстар жөнінде шолып өтті. Өңір басшысы аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен халықпен кездесу жиында облыс көлемінде атқарылып жатқан бірқатар жұмысқа тоқталды.
«Биыл өздеріңіз білетіндей, су тасқыны болып барлық шаруашылыққа кері әсерін тигізгені рас. Республикадан 1 300-ге жуық техника келіп көмек қолын созды. Қазіргі таңда сол қиыншылықтар артта қалып келеді. Облыс көлемінде 3 000-нан астам отбасы жаңа үйлердің иесі атануда. Ол дегеніміз 15 000-ға жуық халық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су тасқынына ұшыраған әрбір отандасымызды далада қалдырмадық. Игі істер әлі де жалғасып жатыр. Сол бір қиын шақтарда тасқалалықтар көмекке келіп, жәрдемдескендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Президенттің алдымызға қойған тапсырмаларының бірі мықты өнеркәсіптік өндірістің негізін қалау болатын. Қазіргі таңда сол жұмыстарды жаңғырту бойынша жұмыстанып жатырмыз. 2022 мен 2023 жылды салыстырғанда жалпы өнім бойынша 8,4 пайызға көлемін арттырдық. Кеңес үкіметінен қалған зауыттардың барлығын қалайда жұмыс жасату бағытында жұмыстанып жатырмыз. Сонымен қатар өзімізде өндірілетін өнімдерді пайдаланудың жолдарын қарастырудамыз. Шетелден келетін өнімдерге тәуелділікті азайтуымыз қажет.
Қазіргі кезде «Агрореммаш» мекемесі арқылы неше түрлі техникалар жасап шығарылуда. Бұны басқа елдерге және өз еліміздің өзге өңірлеріне де жіберіп жатырмыз. Трансформатор зауытыда өздерінің жасаған өнімдерін шетелге жөнелтуде. Президенттің тағы бір тапсырмаларының бірі – ауылшаруашылығы саласын дамыту. 2026 жылға дейін 70 пайызға жеткізуді тапсырды. Бір ғана мысал, облыс халқына 112 мың тонна сүт қажет болса, соның тек 22 пайызын ғана өндіреді екенбіз. Сондықтан «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы сүт өнімдерін молынан өндіруге күш салып жатырмыз. Әрине ауылдардан әкеліп сүт өнімдерін азаматтарымыз сатып жатыр. Бірақ ол біз үшін жеткіліксіз. Қазіргі таңда ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құруды және оның санын арттыруды ойластырып жатырмыз. АШӨК-нен өндірілген өнімдер әуелі сол жердегі жергілікті халықты қамту керек, содан артылғандарын экспортқа шығаруымыз қажет болады.
Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің тиімді жолдары көп. Соны оң мақсатқа пайдалануымыз керек. Өткен жылы ауылдық жерлерге 758 үй салуды жоспарлап, іске асырудамыз. Әсіресе шекара маңындағы ауылдарды басты назарда ұстап отырмыз. Ауылдарға жағдай жасау арқылы елімізді дамыта аламыз. Тұрғын үй салу, жол, электр жарығы секілді қажеттілерді ретке келтірсек ауылдың жағдайы көтеріледі. Биыл облыс бойынша 38 денсаулық сақтау обьектілерін салудамыз. Оның сыртында спорт кешендерін аяқтау жұмыстары тұр. Ауылдық жердегі коммуналдық мекемелерге техникалар сатып алдық. Алдымызда көптеген мақсаттар бар.
Солардың барлығын ауызбіршілік танытып жеңіп шығуымыз керек. Мал өсіргесін оның азығы мол болуы шарт. Сондықтан көпжылдық шөптерді егуді қолға алып жатырмыз. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын толығымен орындасақ көздеген мақсатымызға жетеміз. Облыс бойынша электр желілерінің 82 пайызы тозғандығын айтып жүрміз. Енді соларды біртіндеп жөндеп, жаңартып алуымыз керек. Ол мәселеде қаражат көзіне тіреледі. Тасқала ауданында өткен жылдан бері электр желілері жаңартылып жатқандығы қуантады. Істеріңіз оңынан болсын», - деді кездесу жиынында облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.
Жалпы аталмыш жиын белгіленген уақытқа сыйып өз мәресіне жетті. Жасалып жатқан жұмыстардан аудан тұрғындары құлағдар болғандықтан болар, айтарлықтай сұрақтар болған жоқ. Сонымен бірге облыс әкімі бүгінгі сапарында тұрғындарды жеке сауалдарымен қабылдады.
Темірболат Әнуарұлы
Тасқала ауданы