20.05.2023, 23:28
Оқылды: 27

БҚО әкімінің бірінші орынбасары бастаған құрам Жәнібек ауданында

Бүгін Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Мұхтар Шайжанов, облыстық ветеринария басқармасы басшысы Серік Нұрмағанбетов, облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Ұмашев, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұматай Ашықпаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» ШЖҚРМК БҚО филиалының директоры Рауан Құсайынов, «Aqjayiq» ӘКК» АҚ мемлекеттік бағдарламалар және несиелендіру департаментінің басшысы Алмат Қазиқанов келді.

IMG-20230520-WA0044

Әуелі аудан әкімі Тимур Шиниязов пен орынбасары Асхат Молдағалиев Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Үштармақ бөгетін таныстырды. Ауыл қариялары Серікқали Жұбанышев, Боранбай Айтқалиев ауыл бойын жайлаған бөгеттің су тегін келген тіршілік көзі екенін айғақтап, ел игілігіне жараса екен дейді. Ауыл әкімі Саят Тарғынов үш тармаққа бөлінген Үштармақтың жаратылысын арнайы карта арқылы баяндап берді. Осы орайда Ержан Талғатұлы:

-Жайық-Каспий бассейндік инспекция мамандарын алып келіп, келіссөз жүргізіп, қараса көз тоярлық табиғатты пайдалану керек. Сол үшін облыс пен аудан әкімдігі жұмыстанады, - деді өз сөзінде.

IMG-20230520-WA0046

Әрмен қарай, іссапармен келген құрам аталмыш ауылдың шетінен қоныс тепкен "Ерлан" шаруа қожалығына аттанды. Жетекшісі Боранбай Айтқалиев қожалықтың жұмыс барысын түсіндірді. Айтуынша, асыл тұқымды мал санын арттыруды көздейді. Тек шаруаны дөңгелету үшін алдында тұрған мәселелерді тізбелеп, тарқатып айтты. Ауылдан шалғай жатқан қожалыққа жарық қосылмаған. Апаратын жолдың сиқы да сұрықсыз. Бұл жөнінде Денис Молдағалиұлы толыққанды жауап берді. Субсидия бөлінетінін не бөлінбейтінін нақтылап, тез арада хабар беретінін жеткізді.

Қожалықтың шаруасына һәм ондағы түйткілдерге қанық болған облыс әкімінің бірінші орынбасары "Әлем" шаруа қожалығына аялдады. 600 ге жуық ірі қарасы бар қожалықтың жетекшісі Ескендір Елемесов шаруашылықтың жағдайын айтты. Халықтың әл-ауқатын жақсартудың бір жолы - асыл тұқымды мал басын көбейтіп, одан алынған өнімді экспортқа шығару деген ұстанымды ту еткен ол жұмыс барысындағы қиындықтарды жасырмай жеткізді. Көршілес елдерге өнімді шығарудың тиімді жолын ұсына отырып, киіктің жерді таптап, шабындыққа жарамай қалғанын, солярка тапшылығын тілге тиек етті.

Сапар қанатқақты "Ауыл аманаты" жобасы арқылы аудан көлемінде жүзеге асып жатқан істер бағытында аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынмен жалғасын тапты.

Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале