Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев Казталов ауданына жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысының орынбасарын аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қарсы алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалымен таныстырды. Бұл туралы Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қайыржан Ермекұлының ауданға жұмыс сапары Сарықұдық елді мекеніндегі 60 орындық мектептің жұмысымен танысудан басталды. Аталған білім ордасының құрылысы 2019 жылы басталып, түрлі себептермен құрылыс жұмысы ұзаққа созылды. 2022 жылы мектеп құрылысы толығымен аяқталып, қараша айында пайдалануға берілді.
Дегенмен, санитарлық талапқа сай келмейтін тұстары анықталған болатын. Өңір басшысының орынбасарына мердігердің кемшіліктері айтылды.
Қазіргі таңда негізгі орта білім беретін мектепте 25 мұғалім, 17 кіші қызметкер жұмыс істеп жатыр. Жаңа оқу жылын 60 оқушымен бастағалы отырған білім ордасының мектепалды даярлық сыныбына алты оқушы қабылданған. Ал шағын орталықта 25 бала тәрбиеленіп жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапары барысында «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен де танысты.