Қазталов ауданы Жұлдыз ауылында 2008 жылғы түлектер ауылға кіреберіс жолға атау белгі орнатса, ауыл тұрғындары ойын алаңына субұрқақ орнатты.
Мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған түлектер аудан ұлттық ою-өрнекпен безендірілген «Жұлдыз. Қош келдіңіздер» деген жазуы бар белгіні 600 мың теңгеге тұрғызса, ауыл тұрғындары былтыр өздері жасақтаған балалар ойын алаңына 400 мың теңгеге субұрқақ орнатып, орындықтар қойды .
Жұлдыздықтардың қуанышына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин ортақтасты.
- «Туған жер» бағдарламасына үлестерін қосамын дейтін түлектер көбейіп келеді. Биыл 37 жоба қолға алынып, 82 млн. теңге көлемінде қаржы жиналған болатын. Игі істер жалғасын табады, - деді Ерболат Мұратқалиұлы.
Мұнан кейін Қарасу ауылдық округінің әкімі Э.Ешмұқанов, А.Хұсайынов атындағы мектептің директоры А.Нұржанов 2008 жылғы түлектерді және субұрқақ орнатуда үлестерін қосқан бір топ ауыл азаматын алғыс хатпен марапаттады.
Тұрарбек АҚМЫРЗА,
Қазталов ауданы