Қайғылы оқиға 14 қаңтар күні кешкі 21:50-де Бәйтерек ауданының Янайкин ауылында болған.
Жеке тұрғын үйде орын алған өртті сөндіру барысында күш қолданып өлтірілген 1953 жылы және 1977 жылы туған ер адам мен 1954 жылы туған әйел адамның мүрдесі табылды.
Соңынан анықталғандай қаза болған Александр Запрометов пен әйелі және туған ұлы болып шықты. А.Запрометов көп жыл ел игілігі үшін еңбек еткен. Мәселен, 1987 жылы Янайкин кеңшарын басқарған. Кейін мал шаруашылығымен айналысып, жеке кәсібін ашқан.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, адамдардың мүрделері сот-медициналық сараптамаға жолданған. Қазіргі уақытта аталған іске қатысы бар тұлғаларды және куәгерлерді анықтау үшін жедел тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Оқиға орнына БҚО полиция департаменті бастығы, полиция генерал-майоры М.Аблазимов, полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.Теміржанов және полиция департаменті жедел-тергеу бөліністерінің басшылары барды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған іс ҚР ІІМ мен БҚО ІІД басшылығының қатаң бақылауында.
Нұрлыбек Қыдырғалиұлы
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер