13.07.2022, 12:15
Оқылды: 587

БҚО-да «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды

Биыл Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын ашу жұмысы басталуда. Бұл резерват, негізінен, Орал популяциясына жататын ақбөкендердің миграциялық аймағына кіретін Казталов, Жәнібек, Бөкей орда, Жаңақала аудандарын қамтиды.

Бөкейорда резерваты

Бүгінгі күнде «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі жаңадан жасақталып, орталық офисі Казталов ауданының орталығы Казталов ауылында орналасқан. Жаңадан құрылып жатқан мекеменің директоры Ұлан Мамырбаевпен кездесіп, болашақ резерват туралы біраз мәлімет алдық.

- Мемлекет тарапынан «Бөкейорда» табиғи резерватын құру жоспары бұрыннан бар. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің республикалық маңызы бар «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалын және «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесін құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі. Бұл Жоба мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізілді. Ол үшін мемлекет тарапынан Казталов, Жәнібек, Бөкей орда, Жаңақала аудандары аумағынан резеват жерлерін белгілеген. «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының құрудағы мақсатымыз – осы аумақтағы биологиялық алуан түрлі өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және өсіру. Яғни өсімдіктер мен жануарлардың бірқатар сирек кездесетін және эндемиялық түрлерінің, оның ішінде киіктердің Орал популяциясының мекендеу орны ретінде дала экожүйелерін сақтау, сондай-ақ бүкіл өңірдің биоәртүрлілігін тұтас сақтау үшін «Бөкейорда» резерватының маңызы зор.

Бүгінгі таңда болашақ резерват аумағына ең жақын орналасқан Казталов ауылы болғандықтан, осы елді мекенде бас офисімізді аштық. Бірақ әр ауданда  алдағы уақытта мемлекеттік бекітілген штаттық кестеге сәйкес 78 адам тұрақты штатқа және 21 адамды штаттан тыс жұмысқа тартамыз. Бүгінде кандидаттардың түйіндемелерін жинақтаудамыз.

Халық арасында: «Бұл мекеме саны көбейген ақбөкендерді реттеу, ату үшін құрылуда» деген қауесет бар. Тағы да барлық оқырмандар үшін айтқым келетіні, біздің табиғи резерваттың жұмыс өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және оларды өсіруді мақсат етеді. Сол үшін де мемлекеттік инспекторлардың үлкен штатын жасақтау үстіндеміз. Ал киіктерді реттеу, ату, табиғи ортасынан алу мәселесімен басқа бір квазимемлекеттік құрылымдар айналысады.

Резерват 343 мың гектар жерді алып жатыр. Одан бөлек «Ащыөзек» мемлекеттік қаумалы ашылады. Ол қаумалдың көлемі 314 мың гектар болады. Сонда барлығы 657 мың гектар жер болмақ. Осы аумақты қамту үшін біздің мекемеге биыл 15-20 дана далада жүретін, жол талғамайтын арнайы техника сатып алу жоспарлануда. Ал алдағы 3 жыл ішінде барлық мемлекеттік инспекторларды түгел көліктермен қамтимыз. Бірінші кезекте өрт сөндіретін техника, инспекторлар қыста және басқа да жыл мезгілдерінде далада тұрақтайтын пункттер, мотоциклдер, снегоходтар алынады. Жалпы табиғи резерватқа қажетті материалдық-техникалық база толықтай жасақталады.

«Бөкейорда» мемлекеттік табиға резерватының аумағында ақбөкендерден басқа Қызыл кітапқа енген, құрып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлардың 71 түрі мекен етеді. Мысалы, қарақұс, дала бүркіті, ителгі секілді құрып кету қаупінде тұрған құстарды атауға болады. Негізінен табиғи резерват аумағында мекен ететін ақбөкендер болғандықтан, болашақта олардың азық базасын, суаттарын дайындап, миграциялық жолдарын зерттейміз. Басты межеміз – «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватында мекендейтін киікті сақтап, оның басын 250 мыңнан жоғары тұрақты түрде кемітпей, қорғау, өсіру.

Осындай мемлекеттік табиғи резерваттар Қазақстанның біраз облысында бар. Ең жақыны Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты. Сонымен бірге Маңғыстау облысында «Үстірт» мемлекеттік табиғи қаумалы бар. Барлығы еліміз бойынша 40-тың үстінде мемлекттік табиғи резерват құрылған.

Бүгінгі таңда Казталов ауданы әкімдігінің көмегімен болашақ резерваттың құрылымдылық жұмысы жүргізілуде. Бізде болашақта қызмет жасайтын инспекторларды жұмысқа алу, бас кеңсеміз орналасатын ғимаратты жөндеу, халық арасында табиғатты аялау және мемлекеттік инспектордың жұмысын насихаттау жұмысы басталып кетті, - деп сөзін түйіндеді «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Ұлан Жұмақанұлы.

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру біраз мәселені шешеді деген сенім бар. Бұл біріншіден, ақбөкендерді қорғау және санын өсіру ісін жақсартады. Екіншіден, олардың ауыл шаруашылығы жерлерінде жайылуына жол бермейді. Киіктер «мемлекетінің» өз инспекторлары, мықты күзеті, заңды бекітілген аумағы және қорғалатын шекарасы болады.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале