Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Теректі ауданында жаңғыртудан кейін іске қосылған «Теректі май комбинаты» ЖШС-ында болып, өсімдік майын өндіретін кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.
Айта кету керек, Пойма ауылында күнбағыс майын өндіретін кәсіпорынның іргетасы алғаш 2009 жылы қаланған болатын. Аталған кәсіпорынды оның бұрынғы иелері әбден тұралатып, титықтатып тынғаны белгілі. 2014 жылы жаңа инвестор табылып, кәсіпорынның миллиардтаған қарызын өтеу және өндірісті техникалық жаңғырту жұмыстары қолға алына бастаған еді.
Зауытқа екінші тыныс сыйлаған инвестор «БелесАгро» компаниялар тобының жетекшісі Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, жаңғырту жұмыстарына барлығы 2 млрд. 300 млн. теңге қаржы жұмсалған.
-Жаңадан орнатылған еуропалық құрал-жабдықтар мен заманауи технология өндіріс көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұрын жылына 20 мың тонна шикізат өндірілсе, қазір 45 мың тоннаны құрайды. Зауытта бұрын майлы дақылдардан тек 30 пайыз ғана май алынатын. Жаңа желілер 43 пайызға дейін май алуға мүмкіндік береді. Бұрынғы төрт өндірістік цех желісі жаңа төрт цехпен толықты. Оның ішінде шикізатты дайындайтын, дәнді сығымдап тазартатын, экстракциялайтын заманауи желілер бар. Дәнінен ажыратылған күнбағыс қабығын жағып, одан бу өндіреміз. Яғни, майлы дақылдан май алу барысында газ немесе көмір отыны қолданылмайды. Қазір алып бу қазандығы қуатының тек отыз пайызын ғана қолданып отырмыз. Болашақта бу қорын жылыжай шаруашылығы мен мал азығын дайындауда пайдалануға болады, - дейді Мұрат Орынбайұлы.
Облыс әкімі зауыттың жаңадан іске қосылған өндірістік цехтарында болып, майды тығыздау, тазарту және суыту желілерінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысымен, технолог мамандармен, жұмысшылармен пікірлесіп, мамандарды дайындау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жалақының уақтылы төленуі және шикізат алуда жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беру мәселелерін талқылады.
- Зауытты өз көзімізбен көріп, таныстық. Мемлекеттің қамқорлығымен екі жыл бойы қыруар жұмыстар атқарылды. Жаңа технологиялар тартылып, көп қаражат құйылды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, өзімізге қажет өнімді шығару, оған қоса экспортқа жөнелту кезек күттірмейтін маңызды мәселелер. Алдағы уақытта кәсіпорын жүйелі жұмыс жасайды деген сеніміміз мол. Біздің шаруа қожалықтарымыз еккен өнімінің бәрін осы жерге алып келеді. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін,-деді зауыт ұжымымен кездескен Алтай Сейдірұлы.
Қазіргі таңда зауытта 105 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, басым бөлігі Теректі ауданының Ақсуат, Пойма ауылдарының тұрғындары.
-Зауытта 2009 жылдан бері жұмыс жасаймын. Қосымша цехтар салынып, өндіріс көлемі артуда. Өнімге сұраныс бар, тапсырыс көптеп түсіп жатыр. 60 мың теңге жалақы аламын. Жұмысым өзіме ұнайды,-дейді осында қаптаушы болып жұмыс жасайтын Айкүміс Оразақова.
-Бұрынғы жылдары шикізаттан қиындықтар болған. Былтыр жергілікті тауар өндірушілерден 13 мың тонна күнбағыс дақылын алдық. Қазір шикізат қоры жеткілікті. Кәсіпорынның басты артықшылығы - қуат үнемдегіш бу қазандығы, еуропалық сапа, кеңейтілген ассортимент, сонымен қатар сығылған күнбағыстың қалдық өнімі күнжараны ерітіп, түгелдей майға айналдыру арқасында қалдықсыз өндіріске қол жеткіздік,-дейді «Теректі май комбинаты» ЖШС басқарушы директоры Қасым Ысқақов.
Зауытта өсімдік майының «Белес» күнбағыс майы деп аталатын екі түрі, яғни тазартылған, иіссіздендірілген, мұздатылған, сонымен қатар рафинадталмаған түрлері шығарылады. Алынған өнім Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының сауда орындарына көтерме бағамен бір литрі 260-265 теңгеге сатылуда. Жуырда «Белес» күнбағыс майының алғашқы 50 тоннасы Өзбекстан Республикасына жөнелтілген.
«Теректі май комбинаты» ЖШС-ның бас технологы Ақылбек Сармалаевтың айтуынша, алынған өнім сапасы халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Салқындатып тығыздау технологиясы зауытта күнбағысқа қоса рапс, зығыр, мақсары, соя, қыша сияқты майлы дақылдарды өңдеуге және маргарин өнімдерін дайындауға мүмкіндік береді.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
zhaikpress.kz