Бүгін «Казталов–Жәнібек–Ресей Федерациясы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 95-138-ші шақырымы, Жәнібек учаскесінде құрылыс жұмысы аяқталып, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың қатысуымен ресми түрде ашылу салтанаты өтті.
Жиында Тілепберген Ерсайынұлы ауа райының қолайсыздығы сияқты келеңсіздіктерге қарамастан құрылыс жұмысын тоқтатпай, аянбай тер төккен барлық жұмысшыдан бастап, мердігер компания мен басшылық құрамға өз атынан алғысын білдіріп, барша аудан тұрғындарын құттықтады.
Аталған салада елеулі еңбек атқарған бірқатар азаматты кәсіби мерекелері – Құрылысшылар күнімен құттықтай отырып, Тайман Сыдықов («Атырау жолдары» ЖШС), Медет Құрманғалиев («Ақжол құрылыс» ЖШС), Данияр Махошев («Теміржол жөндеу» ЖШС), Қадырбек Бақтыбаев («Теміржол жөндеу» ЖШС), Арон Нұрғалиев («Юнисерв» ЖШС) сынды азаматтарға облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың алғысхатын табыс етті.
Аталған жол құрылысының ашылуын көптен күткен халықтың ыстық ықыласын жеткізу үшін жол саласының ардагері Мұхамбет Тұяқбаев сөз алса, аудан ақсақалы Нұрман Түменов ақ батасын берді.
Еске сала кетсек, жалпы құны 12,5 миллиард теңгені құрайтын жобада тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы болса, мердігер – компания «Теміржол жөндеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Сонымен қатар шара барысында автомобиль жолдарын дамытуға қосқан қажырлы еңбегі үшін бірқатар қызметкерге Құрмет грамотасы табысталды.
Шара соңында аудан әкімі Тимур Шиниязов пен облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов жаңа төселген жолда алғаш болып жүріп өтті.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы