Бүгін Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылында көптен күткен мешіттің ашылу салтанаты өтті.
Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова және бірқатар құрметті қонақ қатысты.
Шарада ең алдымен Құран оқылып, еліміздің тыныш, жұртымыздың амандығы үшін дұға жасалды.
Содан соң төрт жылдан бері осы сәтті тағатсыздана күткен подстепныйлықтарды облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Серікұлы шын жүректен құттықтады. Сөз кезегін алған бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:
- Мешіт – тек құлшылық жасайтын орын емес, руханият ордасы, оқу мен білімнің орталығы. Діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, жаңадан отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиятын, дүниеден өткен аяулы жандарға Құран оқытып, дұға бағыштайтын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалатын, қиналған адамдарға рухани қолдау көрсететін мейірім мекені. Қазіргі уақытта елімізде 2800-ге жуық мешіт бар. Соның 52-сі Батыс Қазақстан облысында. Өңірлеріңізде тағы 15 мешіттің құрылысы жүріп жатыр екен. Мұның бәрі Алланың рақымының арқасында іске асып жатыр деп білеміз. Аллаға сансыз шүкір айтамыз! Ендеше бүгін ел игілігіне беріліп отырған осы мешіттің де іші жамағатқа толып, исламға лайықты қызмет етуін тілеймін! - деп еліміздегі мешіттердің қызметіне, қоғамда алар орнына тоқталып өтті.
Жұртқа жылы лебізін арнаған бас мүфти жаңа мешіттің бас имамы қызметіне Түркияның Хасеки академиясында білім алған Ерлан Кенжин тағайындалғанын хабарлады. Сондай-ақ құлшылық үйінің бой көтеруіне атсалысқан Ғимран Биболатұлы, Қайыржан Есенгелдіұлы, Ершат Қуанұлы, Азамат Рысқұлұлы және Нұрлыбек Аралбайұлына ризашылығын білдіріп, алғысхат табыстады.
Лента қию рәсімінен соң, мешітте намаз оқыған жамағат аулада қатар орналасқан студенттерге арналған қайырымдылық негізінде ашылған мүфтият жатақханасына да бас сұғып, еңбектерінің жемісін көруді тіледі.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz