Білім саласында жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап, шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын байқаулардың маңызы зор. Осындай маңызды шаралардың бірі – «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» жас педагогтердің VIII республикалық байқауының облыстық кезеңі 5 наурыз күні Батыс Қазақстан облысы әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Аталған байқауда Бөрлі ауданының намысын қорғаған Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебінің физика пәнінің мұғалімі Әйгерім Темірбаева жүлделі І орынға ие болды. Аталмыш байқау үш кезең бойынша өткізілді. Алғашқы «Заманауи сабақ» кезеңінде қатысушылар бейтаныс 5–9 сынып оқушыларына сабақ өткізіп, өздерінің әдістемелік шеберлігі мен кәсіби құзыреттілігін көрсетті. Педагогтер сабақ барысында оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін тиімді қолданып, білім алушылардың танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстарын таныстырды. Екінші «Шығармашылық жолдың бастамасы» кезеңінде байқау қатысушылары өздерін таныстырып, ұстаздық жолды таңдаудағы мақсат-мұраттары мен кәсіби ұстанымдарын баяндады. Бұл кезеңде жас мұғалімдердің мамандыққа деген сүйіспеншілігі, шығармашылық ізденісі мен педагогикалық көзқарасы айқын көрінді. Ал «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырудағы педагогикалық тәжірибе кезеңінде қатысушылар тәрбие жұмысындағы тәжірибелерімен бөлісті. Педагогтер бағдарламаның негізгі құндылықтарын білім беру үдерісіне ықпалдастыру арқылы оқушылардың азаматтық жауапкершілігін, адамгершілік қасиеттерін және ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын көрсетті. Байқау жұмысын тәжірибелі педагогтер мен сала мамандарынан құралған әділқазылар алқасы бағалап, нәтижесінде үздіктер анықталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Әйгерім Ақылбекқызы І орынды иеленіп, жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленді.
- Бұл байқауға қатысуыма басты себеп – өз тәжірибеммен бөлісу және кәсіби даму. Жас педагог ретінде жаңа идеялар алып, әріптестерімнің тәжірибесінен үйренгім келді. Ең қызықты әрі жауапты кезең – “Заманауи сабақ” болды. Бұл жерде мұғалімнің шығармашылығы мен әдістемелік шеберлігі айқын көрінеді. Сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін тәжірибелік тапсырмалар, топтық жұмыс және сыни ойлауға бағытталған әдістерді қолдандым. Менің ойымша, бүгінгі мұғалім – тек білім беруші емес, оқушыға бағыт-бағдар беретін, жаңашыл әрі ізденімпаз тұлға, – дейді Әйгерім Темірбаева.
Еңбек өтілі небәрі 6 ай болса да, жас ұстаздың бұл жетістігі – кәсіби ізденісі мен үлкен жауапкершілігінің нәтижесі. Енді ол Бөрлі ауданының ғана емес, Батыс Қазақстан облысының намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады. Аймақ ұстаздары жас маманға сенім артып, алдағы байқауда да жоғары нәтижеге қол жеткізеді деп сенім білдіруде.
Анаргүл Кушербаева,
Бөрлі ауданы