28.04.2023, 14:31
Оқылды: 57

БҚО-дағы су тасқыны: тасқыннан зардап шеккендерге  баспана салынады

Тосыннан тап берген тасқын су бөрліліктерді есеңгіретіп тастады. Бөрлі ауданында төтенше жағдай салдарынан 192 баспанаға зиян келіп, 16 үй мүлде жарамсыз күйде қалды.

WhatsApp Image 2023-04-28 at 13.59.40

Көңілдері жүдеу тұрғындарға жан-жақты көмек беріліп жатыр. Бастысы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың тапсырмасымен құлаған 16 үйдің орнына жаңа баспана салу туралы шешім қабылданып, күні кеше ғана іргетастары құйылды.

Табиғат апатының залалы кім-кімге де ауыр тиді. Мәселен, су тасқыны орын алған Ақбұлақ ауылында бірден екі көшедегі 11 үйге су кірді. Сөйтіп, 6 баспана тұруға жарамсыз деп танылды.  Ауыл әкімі Ерлан Өмірғалиевтың сөзінше, Б.Момышұлы көшесінде бой көтеретін алты үйдің орны тұрғындармен келісілген. Ауылдың ортаңғы көшесіне жақын, бастысы баспаналарды тұрғызуға биік жер таңдалған. Ал құрылысты жергілікті мердігер «Назтур» ЖШС қолға алған. Айта кетейік, үйлердің маңайындағы жер учаскелеріне (8 сотықтан) барлық қажетті инфрақұрылым – газ, су, электр энергиясының желісі жүргізіледі.

WhatsApp Image 2023-04-28 at 13.59.59

- Қазіргі таңда Ақбұлақ ауылдында әр қайсысы 8 сотық жер телімімен 6 үйдің құрылыс басталды.  Үйдің көлемі 83/3 шаршы метр, биіктігі 3 мерт болады. Жалпы үш бөлме. Оған қоса асханасы, жуынатын бөлмесі болады.  Бүгіннен бастап іргетасын құюдан бастадық. Қабырғалары газаблок, төбесі профлисттен. Техника жұмыс жасап жатыр. Адамдар жеткілікті. Құрылыс бригадасы іргетасын құюда. Екінші кезеңге компаниямыздың тас қалаушы бригадасы келеді.  Құрылысты  екі айда аяқтауға тырысамыз. Ауылдың төрт адамы жұмыспен қамтылды. Тағыда жұмысшылар аламыз, - деп жауап берді құрылыс басындағы бас инженер Қайыржан Бисенғалиев.

Ақбұлақтағы баспаналардың іргетасын құю жұмыстарын аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов келіп көрді. Жапа шеккен тұрғындармен тілдесіп, жауапты мердігерде нысанды уақытында тапсыруды, бастысы құрылыстың сапалы жүргізілуін шегелеп тапсырды. Жаңа баспаналар Ақбұлақтан өзге, Кеңтүбек, Пугачев, Аралтал ауылдарына да салынады.

- Өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында жауын-шашын көп болып, жердің тоңы қалың болуына байланысты биыл 10 наурыздан бастап, өңірдегі өзен-көлдер арнасынан шығып, аудандағы бірнеше тұрғын үйді су басқан болатын. Атап айтқанда 192 үйге су кірді. Қолданыстағы ережелерге байланысты тиісті жұмыстар жасалды. Тәуелсіз сарапшылармен 173-іне есеп жасалды. Қалған баспаналарға есеп жасалмауының басты себебі тиісті құжаттардың жоқтығы болып отыр. Бірақ бұл баспаналарды иесі көмексіз, біздің бақылаумсыз қалады деген сөз емес. Ол үйлерге  жанашыр жандар яғни кәсіпкерлер, депутаттар, «Аманат» партиясы арқылы көмек көрсетіп жатырмыз. Қазіргі таңда құжаты жоқ алты үйге құрылыс материалдарын жеткіздік. Үйлерді қалпына келтіру басталып кетті. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға толық көмек көрсету облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың жеке бақылауында.

WhatsApp Image 2023-04-28 at 14.00.04 (1)

Бүгінде қалпына келтіруге болмайтын, жарамсыз деп танылған 20 үйдің 16-ның құрылысы басталды. Құрылыс үш айда аяқталып, тұрғындар қоныс той тойлайды деген ойдамыз. Қызылталдағы бір үйді қалпына келтіруді аудандық мәслихат депутатты Бақытжан Ғаділшев өз мойнына алды. Қалған төрт үйді демеушілердің көмегімен қалпына келтіреміз, - деді Еркебұлан Нұретдинұлы.

WhatsApp Image 2023-04-28 at 14.00.09

Қазіргі уақытта су кірген тұрғын үйлердің иелерінен түскен өтініштер бойынша үйлерге мүліктік бағалау жүргізілуде. Мүлікті бағалауды «O’Key оценка и правовая экспертиза», «Batys Senim KZ» ЖШС және «Куатов Е.Б.» ЖК жүзеге асырып жатыр. Олар барлық үйлерді аралап, фото-видео материалдарын жинақтап алған. Қазіргі уақытта 161 үйге мүліктік бағалау қорытындысы жасалды. Нақты келтірілген шығын көлемі су кеткен тұрғын үйлерге мүліктік бағалау қорытындысынан кейін белгілі болады. Мүлікті бағалау қорытындылары жақын күндері аяқталады. Кейін, мүлікті бағалау қорытындыларының негізінде зардап шеккен мүлік иелеріне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 қаулысымен бекітілген Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларына сәйкес өтеледі. 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале