Әмбеге аян, соңғы жылдары блогер деген түсінік пайда болды. Оның нақты кім екені де даулы. Әлеуметтік желіге тіркеліп, күнде жазба жазаттынның бәрін блогер десе, ал кейбіреулер блогерді тек әлеуметтік желінің ғана қолданушысы емес, сонымен бірге жеке блогы бар, ақпарат таратуға маманданған адам дейді. Алайда, біздің елімізде блогер деген біз көрсеткен бірінші түсініктің аясында танылып жатыр. Сонымен «блогер» деген кім? Жалпы анықтамасын өте қарапайым әрі түсінікті қылып айтатын болсақ, блог – онлайн күнделік. Блогер – күнделік жүргізуші. Әдеттегі күнделіктен айырмасы – жариялылығы. Бірақ қазіргі блог, блогер деген түсінік бұл анықтама шеңберіне сыймайды. Түпкілікті әрі нақты анықтама беру қиын.
Сурет: pixabay.com
Шыны керек, қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдар деп ойлап, сондай түсінік қалыптасып қалды. «Блогер» десе, алаяқ елестей қалатын халге жеттік. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, осындай жандардың кесірінен, еңбекқор, шынайы блогерлердің жұмысына нұқсан келтіріп те жатамыз. Осы орайда елімізде биылдан бастап блогерлерге қатысты жаңа ереже күшіне енді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, заң жобасы Қазақстанда қауіпсіз онлайн орта құруға бағытталған. Құжаттағы көрсетілген негізгі құқықтық тетіктердің бірі – желідегі жарнаманы таңбалау міндеттемесі. Яғни, блогерлер әлеуметтік желілерге орналастыратын жарнама материалдарын таңбалауға тиіс.
«Отандық телеарналар бағдарламаға шақыра бастады»
Мейрамгүлдің есім-сойы «инстаграм» әлеуметтік желісіндегі ағайындарға мәлім. Қарапайым ауылдың күйбең тіршілігін, шынайы өмірін жалпақ жұртшылыққа еш жасандылықсыз көрсетіп жүрген жан. Көпбалалы ана «мұның бәріне қалай үлгереді, жалпы блогерлік қызметті қашан бастады?». Осы сауал төңірегінде ол кісімен аз-маз тілдестік.
Кейіпкеріміз 1983 жылы Қаратөбе ауданы, Саралжын совхозының үшінші фермасы Бесотар елдімекенінде дүние есігін ашқан. Осыдан 25 жыл бұрын Теректі ауданына қарасты, Жаңа өмір ауылына қоныс аударған. Ал Барбастау ауылына 25 жасында тұрмысқа шыққан. Хош, сонымен...
– Алты бала-шағам бар. Тоғыз жыл ата-енеммен бірге тұрдық. Әлеуметтік желілер пайда бола бастағаннан бері қолыма телефон алып «инстаграм» желісіне балаларымның фото-видеоларын жүктеп жүрдім. 2017 жылы алматылық Гүлжан деген келіншек инстаграмға бір жобаға қатысуымды сұрап жазды. Әр өңірден түрлі номинациямен шығып, жыл бойы ауыл өмірін «инстаграмға» салып тұруым шарт екен. Сөйтіп «Инсташаңырақ» жобасына «Ауыл ана» номинациясымен қатыстым. Сайып келгенде, «Ауыл ана – 2018» аталымын жеңіп алдым. Содан бастап блогымды жалғастырып, блогерлік жолға түстім, – дейді Мейрамгүл Мәлікқызы.
Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап тіркелушілердің саны арта бастаған. Тек қана бала-шағаның фото-видеосы емес, сонымен қатар өз қолымен пісірген тамақтарын да жүктеген. Сондай-ақ ауылдың кішігірім мәселелерін де көтеріп, оқырмандарымен бірге талай мұқтаж жандарға көмек қолын созуды әдетке айналдырған екен.
– Танымалдылық артқан соң көптеген отандық арналар бағдарламаларға шақыра бастады. Ең алғаш рет «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Әйел бақыты» деген бағдарламаға қатыстым. Одан кейін «Евразия» арнасы да шақырды. Биыл «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңадан ашылған «Тату-тәтті» реалити-шоуына қатысу үшін арнайы шақырту алдым. Алғашқы айналымына енем екеуміз, ал екінші айналымда қайынапаммен қатысып келдік. Осының бәрі блогерліктің арқасында деп білемін. Кез келген қаладан мені танып жататын оқырмандарым көп. Тіпті кейбіреулері арнайы қонаққа да шақырып тұрады. Тоқ етері, блогерліктің көптеген пайдасы бар. Мәселен, бүгінгі таңда кәсібі бар адамға әлеуметтік желінің белсенділігі өте маңызды. Біз сияқты оқырмандары, белсенді аудиториясы бар блогерлерге кәсіпкерлер жарнама үшін жүгініп жатады. Осы орайда менің өзімнің қойған бағам бар. Бірақ көбінесе бартермен жұмыс істеймін. Жарнаманың бағасына келтіріп, өз өнімін, тауарын ұсынады. Мен сол өнімді, болмаса тауарды тұтына отырып, оқырмандарыма ұсынамын. Балаларымды көбіне осы бартермен киіндіремін. Әрине, кез келген жарнаманы ала бермеймін. Сапасына қараймын, дұрыс дүние болғанына көзімді жеткізіп алып алуға тырысамын.
Айта кетейін, блогерліктің аз-маз осал тұсы да бар. «Блогермін» деп ақша керек деп, кез келген жарнаманы тексермей, көз жеткізбей ала беруге болмайды. Менің де алданған тұстарым болды. Кейбір жарнамалар өтірік болып, бірнеше оқырмандарым ақша салып қойып, сан соғып қалған сәттер де болды. Бұл көз жеткізіп барып алмаған менің кінәм. Алайда, оқырмандарым маған 100% сенгендіктен, менің үстімнен шағым жазбады. Блогерліктің осындай тұстары да болады. «Жеті рет өлшеп, бір рет піш» деген қағиданы ұстану керек, – деген Мейрамгүл Төлегенова блогерліктің қыр-сырымен бөлісті.
Нәпақа табудың несі айып, ә?
Белгілі блогерлер Джастин Холл мен Йорен Баргер тұңғыш рет блог жүргізуді бастағанда бірнеше жылдан соң бұл істің мамандық қана емес, талайдың нәпақа табу жолы болатынын сезбеген де шығар. Бұл керемет мамандық, тіпті үздік мамандық деуімізге болады. Неге? Себебі...
Мықты бәсекелес. Желіде миллиондаған блог бар. Бір ғана WordPress.com-да 75 миллион (!) блог бар екен. Ал оған Blogger, Tumblr және басқа да блогтұғырларды қосыңыз. Бұл салада өте бір аз қозғалатын тақырыптың өзіне бәсекелестер табылады. Ал солардың ішінде мықты болу үшін – еңбек ету қажет. Бұл дегеніңіз «блогер» мамандығының аясы уақыт өткен сайын кеңейе беретінін дәлелдеп тұр.
Әртарапты. Авторлық блог жүргізу – кішігірім газет шығарумен бірдей. Бірақ оны жазатын бір ғана адам. Автордың өзі автор, корректор, редактор, фотограф және өңдеуші бола алады. Грамматика, стилистика, HTML, SEO, дизайн тіпті SMM блогердің арсеналында болады. Сонымен қатар блогер қандай да бір саланың маманы.
Компьютерді «шағады». Блогердің басты мақсаты қатесіз жазу десеңіз қателесесіз. Орфографиялық, пунктуациялық ережелермен қоса оның техникалық білімі болуы тиіс. Блог жазатын адам бағдарлама жасауда, веб-дизайнда, тінтуір қызметтері мен әлеуметтік желідегі жұмысты да біліп алуы керек. Оны қойсаңыз, ол өзінің блогын түрлі спамдар мен фишингтен сақтауы қажет.
Маркетинг «білгіші». Мақала жазады, оны жариялайды. Осымен бітті деп ойлайсыз ба? Жоқ! Аудитория оның мақаласын оқып, пікірлесу керек. Осы үшін де блогерлер интернет-маркетингтің мәселелерімен танысады: іздеу құралдары, әлеуметтік желілердегі жарнама...
Тәуекелшіл. Блогосферадағы жұмыс – дәстүрлі мамандық салаларындағыдай жұмыс емес, онымен айналысу үшін адам әртарапты болуы қажет. Блогерлер түрлі шараларға қатысып, өз ұсынысын жасайды. Қарым-қатынас маманының да рөлін атқарады.
Кәсіпкерлікпен де айналысады. Тұтынушыны табу, сатумен айналысу, серіктестер өнімін жарнамалау сияқты істердің барлығын блогер жасай алады. Осыған байланысты блогерлер жеке парақшасын бизнес-жобаға айналдырады.
Басқарушы. Олар өз уақытын дұрыс пайдалануы тиіс. Дұрыс жоспарлаудан-ақ блогерлер парақшасын жаңартып тұратыны немесе екі ортада бизнесін құлдыратып алатынын анықтайды. Егер блог жүргізуде блогер ұжыммен жұмыс жасайтын болса ол білікті басшы болады: жасампаз авторларды іздеу, контент-менеджерлерді табу, жұмысқа бақылау жүргізу. Блогер – бұл құтты күні басқарушылық қасиетін көрсететін адам.
Жасампаз. Дарынды адам әр салада да дарынын көрсете біледі десек, блогерлер де әр істе жеңімпаз болуы керек. Бар іс интернетте қызықты етіп жазба жазу жеткіліксіз. Сондықтан олар жазу машығын, суретке түсіру шеберлігін, видеоға түсіруді меңгеруін және басқа да өнермен таныс болады.
Зерттеушілер. Блогер әр айтқан сөзін тексеріп, зерттей келе қорытындылап, дәлелдеп беруі керек. Түрлі сауалнамалар мен статистикаларды жинақтап, тарихты саралап, еңбек етуі қажет. Жақсы блогер – әрқашан да зерттеуші болуы тиіс, себебі ол өзінің көзқарасын айта білуі керек.
Білімді болуына жол ашады. Блогер өз өмірі, өз қызығушылығы жайлы ғана айта бермей, түрлі салаларда ақпарат бере білуі керек. Өзі көрген өмірді сипаттау арқылы, өзгеге сабақ болатын жағдайларды айтып беруі тиіс.
Блог – бұл дискуссия жасауға арналған орын. Бұл жерде әркім өзінің азаматтық пікірін жазуы керек. Ақпараттық мақалалардан гөрі, блогта жазылған ақпарат ел-жұрттың әңгіме ететін мәселесіне бірден айнала кетеді. Ал абыройлы блогердің пікір сол бетте-ақ танымал бола түседі. Әйтпесе саясат пен шоу-бизнестегі адамдардың блогер бола қалуын басқаша қалай түсіндіреміз?
Мәдениетті адамдар. Өз-өзін сыйлайтын, құрметтей білетін блогер ешқашан да сенімсіз ақпаратпен бөліспейді, ешкімді арына тиіп, балағаттамайды, аудиторияны айдап салмайды. Ол өзіне жазғаны үшін жауапкершілік артады. Сондықтан да блогер интернет этикасы мен көпшілікке ортақ ар-намыс нормаларын сақтайды.
Табыс бар ма? Атағы жер жарған білдей блогерлер құр атақпен күн көріп жүр ме? Әлде, нағыз ақшаның айналып тұрған жері осы ма? Әлемдік тәжірибеде блогерлік арқылы табыс табуға болады. Және аз емес, үлкен табысқа кенелуге болады дейді. Әр жазбаның өзіне тән құны да түрліше. Бізде орта есеппен әлеуметтік желідегі бір пост құны - 50-100 доллар арасында. Одан бөлек, тек мақтаудан тұратын арнайы тапсырыстар да түсіп тұрады. Ол кезде тек пост емес, көлемді материалдар жазу керек боп қалуы мүмкін. Блогерлер табысты мынадай жолдармен табады:
Блогтурларға шығу (белгілі бір компанияның ұйымдастыруымен өтеді. Ақпараттық қолдау жасау);
Тапсырыс материалдар (оқырман санына орай құны белгіленеді);
Байқаулар (жылына 2-3 байқаулар өтіп тұрады).
Қымбатты оқырман, бұл тізімде айтылған ойларға қосылуыңыз да, қарсы шығуыңыз да мүмкін.
Бірақ бір белгілі нәрсе, блоггинг – өте ауыр еңбек. Егер блогер болуды ойласаңыз есіңізде болсын – бәрі де тырысып көруі мүмкін, бірақ соның ішінде бірнеше ғана адам мойындалған блогер бола алады. Себебі блогер – үздік мамандық!
Айшабибі Мәмет
Теректі ауданы