Бөкей ордасы ауданы басшысы Нұрлыбек Даумов Сайқын ауылындағы құрылыс нысандарына арнайы барып, жұмыс жайымен танысты.

Аудан басшысы алдымен саябақ қоршау жұмыстарымен танысты.
-Ауыл кіреберісі – бұл бірден көзге түсетін жер. Сондықтан жұмыс сапалы болуы қажет. Сонымен қатар, терек отырғызу жұмыстарын да қолға алуымыз қажет. Бәрімізге мәлім, терек отырғызу маусымы өтіп барады. Тездетпесе болмайды, - дегег Нұрлыбек Жасқайратұлы бұл жұмысты округ әкімі Шыңғыс Абдоллинге тапсырды.

Жаңа үй құрылысы да аудан басшысының назарынан тыс қалмады. Қаласы енді қағылған екі пәтерлік баспана құрылысына жауапты мердігер жұмыстың көрсетілген мерзімде тапсырылатынын айтып, сендірді. Жалпы, биыл 35 пәтердің құрылысы жоспарланған екен.

Өз кезегінде аудан басшысы «Денсаулық саябағы» құрылыс барысымен де танысты. Ақхалаттылардың құрметіне арналған саябақтың құны 17.3 млн теңгеге тең болса, мердігерлер медицина саласы қызметкерлер күніне дейін аталмыш нысанды толықтай бітіріп, тапсыратындығын айтып отыр.
Еркебұлан Бисенғалиев
Суретке түсірген автор
Бөкей ордасы ауданы