11.05.2024, 12:30
Оқылды: 11

Бөкей ордасы ауданы: «Аудан бюджеті түгенделді»

Бөкей ордасы аудандық мәслихат жанындағы тұрақты комиссияның отырысы өтті. Аудан қазынасының әр тиыны түгенделген бұл жиынға Батыс Қазақстан облысы тексеру комиссиясының мүшесі Батыржан Хамидуллин арнайы кеп қатысса, аудан әкімі Нұрлыбек Даумов аудан бюджетінің игерілуі туралы толыққанды есеп берді.

IMG-20240510-WA0282

Аудан басшысының айтуынша, 2023 жылғы түсімдер сомасы 3 319 343,5 мың теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда түсімдер 2006,1 млн теңгеге, яғни 37,7%-ға азайған. Салықтық емес түсімдер 70,8млн теңгені құраған. Аудан бюджетінің таза кірісі -2,2%. Негізгі капиталды сатудан түскен түсім 2 млн 789,4 мың теңге. Бұл түсімді жер учаскесін жалға алу құқығын сату, аукцион арқылы автокөлікті сатудан түскен қаржы құрайды. 73,6 млн теңге игерілмей қалған. Себебін таратып айтсақ, Сайқын ауылішілік көше жолдары құрылысының,  әкімшілік ғимаратына инженерлік желілер тарту құрылысының дер кезінде жүзеге аспауынан бөлінген қаржы игерілмеген екен.

IMG-20240510-WA0286

Аудан әкімі ауданның даму жоспарының орындалу барысы туралы да баяндап берді. Өңір экономикасының өсімі, өмір сүруге жайлы және қауіпсіз өңір әлеуметтік саланы дамыту индикаторларының кейбірі түрлі себеппен іске аспаған. Өңір экономикасының өсімі бойынша қаралған үш индикатордың екеуі, қауіпсіз өңір бойынша үш индикатордың біреуі, әлеуметтік саланы дамыту бағытында қаралған жеті индикатордың екеуі орындалмапты.

- Өткен жылы даму жоспарында қаралған 15 көрсеткіштің алтауы орындалмады. Орындалмау себептері сараланып, биыл белгіленген мақсатқа қол жеткізу бағытында жұмыстанатын боламыз, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

IMG-20240510-WA0283

Ал БҚО тексеру комиссиясының мүшесі Батыржан Хамидуллин  жоспарлар бюджеттік кодекс бойынша жасалу керектігін баса айтты.

- Кіріс пен шығыс айырмашылығы кодекске сай болуы керек. Асыра орындаймыз деп кодекс талаптарына нұқсан келтірмеуіміз қажет, -деді Батыржан Хамидуллин.

Комиссия алдында тиісті мекеме басшыларымен қатар ауылдық округ әкімдері де бюджеттің игерілуі бойынша есеп берді.

Аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева:

- Бөлінген қаржыны игеруде әр қайсымыздан асқан мұқияттылықты, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тендер жарияладық, ақшасын бөлдік деп іргеңізді аулақ салмаңыз. Бөлінген қаржынының  әр тиынына дейін мақсатты жұмсалуына ыждағатты болайық, - деді.

Ал аудандық мәслихат депутаттары баяндамашыларға сауал қойып, орынды мәселелерді қозғады.

Баяндамада көтерілген мәселелер сессияның қаралы мына жолданды.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале