8.03.2024, 13:44
Оқылды: 25

Бөкей ордасы ауданы: Бөрлідегі берекелі шара

Бөрлі ауылында "Сыйынар ем ана деген тәңірге..." атты аналар форумы өтті.

IMG-20240307-WA0006(1)

Мәдениет үйі фойесінде киіз үй тігіліп, үйде қосымша кәсіптен нәсіп  тауып отырған аналарымыздың қолынан шыққан бұйымдары мен пісірген тәттілер сөреге қойылып,  жәрмеңке ұйымдастырылды.

Форумның ашылу салтанатында  ауыл әкімі Меңдібай Қитанов аналарымыз бен қыз-келіншектерімізді көктем мерекесімен құттықтады.

Аудандық мәслихат депутаты Айнұр Абдрешова да нәзік жандыларымызды шуақты мерекемен құттықтап, бірқатар ардагер ұстаз, көпбалалы аналарымызға  аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиеваның құттықтаухаты мен мерекелік сыйлығын  табыстады.

IMG-20240307-WA0002

Форумның алғашқы спикері Айгүл Өтегенова "Ұлттық құндылық әрбір шаңырақтың шайқалмауы" тақырыбында өзекті ой өрбітсе, "Балдаурен" балабақша меңгерушісі Айбарша Бейісова бала тәрбиесімен қатар қоғамдық қызметін де жауапкершілікпен атқарып жүрген аналарымыз  туралы ой қозғады.

М.Бегалиева мектебінің шаруашылық директоры Сайра Айтасова негізгі қызметінен басқа қосымша кәсіп қылып,    отбасы бюджетін еселеп отырған аналарымыз туралы баяндады.

Білім беру мекемелері жанына құрылған аналар мектебі де осы форумда  атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.

Айтулы күнге арналған шарада тек баяндама тыңдалып, тақырып талқыланған жоқ.

IMG-20240307-WA0001

"Бөрлі сазы" фольклорлық ансамьблі  .(жетекшісі Ж.Рамазанова) "Ана" туралы әндерден попури шырқаса, "Әсемай"  үлкен, орта би топтары  (жетекшісі Ә.Меңкешова) қазақ биімен кеш көркін ашып, биден шашу шашты.  М.Бегалиева мектебі жоғарғы сынып оқушылары ұйымдастырған мерекелік концерті форум қатысушыларына әдемі көңіл күйі сыйлады.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале