Бөкей ордасы ауданына қарасты Мұратсай ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғындар үшін есігін айқара ашты.
Бұл аудандағы Президентіміз Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2023-2025 жж. арналған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында ашылып жатырған екінші медициналық нысан. Естеріңізге сала кетсек, дәл осындай ФАП Ұялы ауылдық округінде де ашылған еді.
Мұратсай фельдшерлік-акушерлік пунктінің ашылу салтанатына аудан әкімі Н.Даумов, аудандық аурухана басшысы А.Белисанов, «Альтаир-СК7» ЖШС директоры Д.Байбеков, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері арнайы қатысты. Шараға қатысқан қонақтар ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, нысанның салтанатты лентасын қиды.
Ашылу салтанаты әдеттегідей аудан басшысының құттықтау сөздерімен басталды.
Ауыл ақсақалы, қоғамдық кеңестің мүшесі Шәпен Дүйсенғалиев ағамыз мұратсайлық тұрғындар атынан сөз алды. Шәпен ағамыз аудан басшысы мен «Альтаир- СК7» ЖШС уәкілдеріне алғысын айтып, сол ФАП-та қызметшілерімен ауыл тұрғындарына аталмыш ғимаратты күтіп ұстауды сұрады. Сонымен қатар ауыл ақсақалы "Жедел жәрдем" көлігі мәселесін көтерді.
Өз кезегінде аудандық аурухана директоры Анарбек Белисанов автокөлік мәселесі ақпан айында өз шешімін табатынын жеткізді.
Тапсырыс беруші – БҚО Құрылыс басқармасы болса, құрылысты жүргізген "Альтаир-СК7" ЖШС.
Жаңа ғимаратта фельдшердің қабылдау бөлмесі, емшара, екпе, оқшаулау, қақырық жинау бөлмелері, химизатор, тіркеу орны, қойма, санитарлық-тұрмыстық бөлмелері қарастырылған. ФАП заманауи үлгіде жасақталған, барлық тиісті медициналық құралдармен, оргехника ,жылыту жүйесі және т.б қондырғылармен қамтылған.
Мұратсай фельдшерлік-акушерлік пунктінде 1 фельдшер, 1 акушерка, 4 медбике және 1 мейіргер қызмет атқарады.
Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғындар үшін алғашқы шұғыл көмек, медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттырып, өздері тұратын ауылда сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді. Енді Мұратсай ауылының халқы заманауи жасақталған жаңа нысанда медициналық көмек алатын болады.
Ашылу салтанатында ауыл өнерпаздары әннен шашу шашса, ауыл үлкендері ФАП ұжымының жұмысына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.
Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz