Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені Қазақстанның 100 киелі нысанының тізіміне енгізілгені белгілі. Осыған орай Бөкей ордасы ауданында әуе қатынасын жолға қою ойластырылуда. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов мәлім етті.
Оның айтуынша, кешеннің аталмыш тізімге енгізілуі бөкейордалықтар үшін зор мақтаныш болумен бірге үлкен жауапкершілік жүктейді. Шалғайдағы Бөкей ордасымен жол қатынасы нашар болғандықтан, ауданға шағын авиация әкелу мәселесі қарастырылуда. Күні бүгін ұшақ қонатын әуежайға лайық жер іздестірілуде. Сонымен қатар Хан ордасы ауылында туристерге арналған ойын-сауық орындары да салынатын болады. Мұндағы музейге жыл сайын үш мыңдай турист келеді. Соның ішінде Ресейдің көршілес облыстарынан да ат басын тірейтіндер аз емес.
Аудан әкімі сондай-ақ қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың бұрын Орал қаласында тұрған ескерткіші туған жері Орда топырағына жеткізілгендігін, ескерткіштің ашылу рәсімі батырдың 95 жылдық мерейтойына орай, яғни 2 қазанда өтетіндігін хабарлады.
Елжан Ералы
zhaikpress.kz