Бүгін Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде аудандық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ақ батамен жайған қанат салтымыз» атты бата беру сайысы өтті. Сайысқа Сайқын, Орда, Т.Масин, Мұратсай, Бисен ауылдық округтерінен батагөй қариялар қатысып, өз бақтарын сынады.

Таныстыру, бата беру, сұрақ-жауап сияқты үш кезеңнің қорытындысы бойынша Ситқайыр Мұхамбетшин жарыс жеңімпазы атанса, екінші, үшінші орындарды сәйкесінше Жігер Омаров пен Төкен Иманалиев иеленді.

Бата – халқымыздың сан ғасырлық тәрбиесі мен тағылымының алтын арқауы. Қазақ халқы «Батамен ел көгерер» деп, ақ тілек пен ізгі сөзді ерекше қастерлеген. Батаның әр сөзінде ұрпаққа аманат, елге бірлік, жастарға өнеге жатыр.



Анар Артықбай
Суретке түсірген Әділет Абдиров
Бөкей ордасы ауданы