Бүгін Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Ойна, шырқа, оркестр!» атты концерті өтті.
Оркестрді, аттары айқарадай әншілерді былай қойғанда, концерт кеш тізгіншісі Дәулеткерей Құсайыновтың ділмарлығымен ерекшеленді. Өзі де өнерден құр емес, қай тақырыпты да тереңнен қаузайтын сөз шебері шығарманың тарихын баяндап, көрерменді әп дегеннен баурап алды.
Бұл кеште «Парасат» орденінің иегері Қатимолла Бердіғалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері — Сағадат Рахметжанов, Күләш Қуанышқалиева, Дастан Есентеміров, Айбар Қайырханов сияқты ақ Жайық ақмаңдайлы әншілері әрісі халық әндерін, берісі Ғарекеңнен мұра боп қалған шығармаларды орындап, көпшіліктің ілтипатына кенелді.
Оркестр ұжымының көркемдік жетекшісі және бас дирижері «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов, ҚР Мәдениет саласының иегері Асылхан Қазиев және мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Жарас Сатыбалдиевтердің дирижерлігімен оркестр күмбір күйден шашу шашты.
Оркестр өнеріне риза болған сайқындық көрермендер өнерпаздарға гүл шоқтарын сыйлап, құрмет көрсетті.
Кеш соңында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов қалың көрермен атынан ризашылығын білдіріп, оркестрдің бас дирижері Еркін Нұрымбетовке алғысхат табыстады.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
Фото авторы: Эльдар Сатқанов