Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетінің 95 жылдық мерейтойы аталып өтті. 
Мерекелік шара ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етумен басталды.
Салтанатты жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылары мен аудандық газет редакторлары, «Орда жұлдызы» газетінде қолтаңбалары қалған тілші Амантай Хамзин, Сәрсенбай Қуанышалиев, фотокорр Исатай Лайықов, типография қызметкерлері Амангелді Мақсотов, Ғабділман Карин бастап, Гүлнар Қарабалина, Азия Меңдалиев сияқты еңбек ардагерлері қатысты.

Бұлардан бөлек еліміздің басты газеті «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, «Жайық пресс» медиахолдингі директорының орынбасары Нұрлыбек Рахмановтар да арнайы кеп, қатысты.

Мерейтойлық шараның шымылдығы аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен ашылды. Аудан әкімі редакция ардагерлері мен бүгінгі ұжымын мерейтойларымен құттықтап, алғысхат табыстады.

Облыс орталығынан келген қонақтар, "Жайық пресс" серіктестігі басшысының орынбасары Нұрлыбек Рахманов, "AMANAT" партиясы аудандық филиалының төрағасы Жалғас Ташуовтар да игі тілектерін білдіріп, сый-сыяпаттарын тарту етті.

Игі шарада Амантай Хамзиннің "Ескермейтін естелік" атты кітабының тұсауы кесілді. Ардагер тілшінің әр жылдары жарияланған мақалалары топтастырылған кітаптың тұсау кесу рәсімі аудан басшысы Нұрлыбек Даумов пен шара қонағы танымал журналист, ақын Қазбек Құттымұратұлына жүктелді.
Салтанатты шара ғылыми конференциямен жалғасты.
Музей-қорықтың қызметкері Лаура Мұсағалиева газет тарихынан сыр шертсе, Қазбек Құттымұратұлы руханияттың отаны Орда деп тың деректермен тыңдарманын ұйытып әкетті.
Мазмұнды кеш жергілікті өнерпаздарымыздың ән-жырымен түйінделеді.

«Тойдан тобықтай сый» демекші, мерейтойлық шара соңында кеш қонақтары тал-терек егіп, әдемі шарадан естелікке қалар іс жасалды.
Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы