9.10.2020, 17:09
Оқылды: 61

Бөкей ордасы ауданында су көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды

Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиндер келіп, Бөрлі және Бисен ауылдық округтерінде орын тепкен «Нарын», «Сисенғалиев Р», «Буранбаев М», «Ораз» шаруа қожалық жетекшілерімен кездесті.

Mankeev (1)

Жергілікті қожалықтың иелігіндегі «ангус», «герефорд» секілді асылтұқымды ірі қараны өсіру бағытындағы жұмыстарымен танысып, арыз-шағымдарымен қатар ұсыныстарына да құлақ асты. Өз кезегінде қожалық иелері жайылымдар аумағында киіктердің шектен тыс қаптап кеткенін ашына айтып, салдарынан жем-шөптің азайғандығын жеткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аталмыш мәселенің облыс тарапынан тиісті деңгейде талқылану үстінде екенін қаперге берді. Бұдан соң М.Бегалиева атындағы мектепті жөндеу барысымен танысып, жұмыс сапасына оң бағалады.

Mankeev (2)

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев бастаған топ Сайқын ауылына келіп, бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Алдымен олар 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне бет алып, құрылыс жұмыстарының жай-жапсарына үңілді. Облыс әкімінің орынбасары аталмыш нысан құрылысының бәсең жүргізілуімен қатар, өндірістік кестеден кешіккенін қатаң сынға алды. Құрылысқа жауапты мердігерлік компания өкілі бұның себебін қажетті материалдарының уақтылы жеткізілмеуінен деп түсіндірді. Сондай-ақ аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығына да бас сұғып, нәтижелі көрсеткіштің жоқтығын қаперге берді. Бұл жобаға жауапты "Инго Строй" мердігерлік компания өкілдері де құрылысты уақтылы тапсыра алмауына жұмыс күшінің жетіспеушілігін алға тартады. Аудандық жұмыспен қамту орталығына сұраныс берілгенімен құрылыс-жөндеу жұмыстарына білек сыбана кірісетін жұмысшылар жоқтың қасы дейді.

Mankeev (5)

Аудан орталығындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан топ Мұратсай су тоғаны мен «Қопа» сорының жай-күйін де ұмыт қалдырмады. Өз кезегінде аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов техника-экономикалық негіздеме жасату бағытындағы жұмыстар қолға алынғанын қаперге беріп, қаржыландыру мәселесі де оң шешімін тапқанын мәлімдеді. Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев су көлемін ұлғайту бағытындағы шаралар сауатты шешілуі керектігін тілге тиек етіп, ордалық ағайынның жанайқайы назарсыз қалмайтынын және айтты.

Mankeev (3)

Арайлым Есмағұл,

Еркебұлан Бисенғалиев,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале