«Бөкей ордасы: майдандағы даңқ, тылдағы ерлік» деген атаумен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы өтті. Бұл аталмыш шараға ҰОС тақырыбын ұзақ жылдар бойына зерттеп-зерделеп жүрген тарихшы ғалымдар мен ресейлік мамандар арнайы келіп, қатысты.

Конференция басталмас бұрын алыс-жақыннан келген меймандар Мәншүк Мәметова ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Мәдениет үйінің фойесінде ІІ дүниежүзілік соғыс және оның қаһармандарына арналған кітап көрмесі жасақталды. Конференция қонақтарын мәдениет үйінің қызметкерлері әскери тақырыпта әнмен, театрландырылған көрініспен қарсы алды.

Конференцияда РФ Волгоград облысының «Қорған» іздестіру-зерттеу тобының жетекшісі Алексей Медведев Сталинград шайқасының қазақ батырлары туралы баяндады. Жырымен жау қоршауында қалған ленинградтықтарға демеу болған Жамбылдың ұлы Алғадайдың, ұшқыш Нұркен Әбдіровтің ерліктерін баяндай келіп, Сталинградтағы шешуші шайқаста қан төгіп, жан тапсырған қазақ батырларын құрметтейтінін айтты.

Жалпақтал мемлекеттік архивінің директоры Миржан Қарабалин Жалпақтал архивіндегі Орда тарихынан сыр шертті.
М. Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов елеусіз қалған ерлер, із түссіз кеткен боздақтар тағдырын баяндаса, жерлесіміз, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» жетекшісі Айболат Құрымбаев Мәншүк ескерткіштерінің тарихынан сыр ақтарды. Тек бұл тақырыппен шектелмей, даңқты сарбаз Қызылов туралы да тың жаңалығымен бөлісті. Музей-қорық директорының орынбасары Мереке Рушанов пен аудандық балалар жасөспірімдер туризмі және экология орталығының басшысы Жұбан Орынғалиевтер де отты жылдардағы Орда тақырыбындағы баяндамаларын оқыды.
Конференция соңында аудан әкімі спикерлерге алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Ал, жарыссөзде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков қаһарман аудан мәртебесін алу үшін тарихи құжаттар ғана негіз, бұлтартпас дәлел болатынын айтып, зерттеушілерімізге өлке тарихын зерделеуде қырағы болуларын, ел кәдесіне жарар құжатты іздестірулерін сұрады.
Бұл ұсынысқа реснйлік қонағымыз Алексей Медведев те үн қосып, Волгоград архивінен іздестіріп көретінін айтып, қолдау көрсетті.
Ұлпан Әнуарқызы
Суретке түсірген Жарқынай Салимова
Бөкей ордасы ауданы