Бөкей ордасы аудандық демалыс орталығында жылды қорытындылап, еселі еңбегімен еленіп, үздік көрсеткіш көрсеткен топжарғандарды марапаттаған «Жыл адамы – 2024» атты салтанатты шарасы өтті.
Салтанатты шара шымылдығы аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен ашылды.
Алдымен сахна төріне мәслихат шешімімен ауданның «Құрметті азаматы» атағына ие болғандар шықты. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева ауыл шаруашылығы саласының ардагері Әбілхата Сүндетов мен білім беру саласының ардагері Сембіғали Темірғалиевтерге мәртебелі марапаттарын табыстады.
Еңбектері еленген Саралжын ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Қамар Жанғалиева, аудандық мәслихат депутаты Қайрат Насимуллин, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова, еңбек ардагері Ерболат Таңатов, аудандық мәслихат депутаты Ерқанат Сатыбалдиев, Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Гүлсара Мұқашева, аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Нұрлыбек Хамзин, Мәдениет саласының қызметкерлері мұратсайлық Алтай Есекешов, сайқындық Сұлушаш Ғұбашева, бөрлілік Әсемгүл Меңкешева, сайқындық Махамбет Қалыбаев пен Қырмызы Төлегенова, ұялылық Нұрлан Сәрсенғалиев, Хан ордалық Ерасыл Сәрсенбекұлы тиісті сала министрлері мен облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.
Тіпті бір емес екі бірдей министрліктен марапат алғандар бар. Мәселенки, Асылбек Нұралиев екі бірдей министрліктің, атап айтқанда, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен оқу-ағарту министрлігінің алғысхатымен марапатталды.
Қазақы спорт түрінен аудан намысын қорғап жүрген жеткіншектер де марапатқа ие болды.
Тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында бірнеше дүркін облысымыздың чемпионы, республикалық турнирдің қола жүлдегері Аружан Талғатова пен Диас Асқарбектерге «Тоғызқұмалақтан ҚР спорт шеберлігіне кандидат» спорттық разряды берілді.
Сан саланың үздіктеріне жыл үздігі атағы берілді.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының концертімен жалғасты.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы