Бүгін – БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі. Осы атаулы күнге орай Бөкей ордасы ауданының басшысы Нұрлыбек Даумов «Орда жұлдызы» газетінің ұжымын арнайы қабылдап, мерекемен құттықтады.
Бұл шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Жалғас Ташуов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев қатысты.
– Құрметті бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен сала ардагерлері! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдағы іргелі істердің алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қадірлі де, құрметті. Ғасырға жуық тарихы бар «Орда жұлдызы» басылымының аудан өмірінде алар орны ерекше. Ақпарат айдынында орныққан аудандық басылымның беттерінде елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы, еліміздің жеткен жетістігі айқын көрініс тауып келеді, - деп тілегін арнаған аудан әкімі газет ұжымына жаңа ноутбук сыйға тартып, алғысхаттарын ұсынды.
– Журналистика – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін маңызды сала. БАҚ өкілдері қашанда қоғам өмірінде үлкен маңызға ие. Соның ішінде ауданның үнжариясы «Орда жұлдызы» газетінің өзгелерден шоқтығы биік. Небір қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерген газеттің кешегі тарихы көз алдымызда. Сол күрделі уақытта еселі еңбек қылып, аудан басылымын алға сүйреген журналист аға-әпкелеріміздің еңбегін жоғары бағалаймыз. Қазіргі жас мамандар да сол кісілердің өнегелі өмір жолынан үлгі алып, төл газетіміздің дамуына үлес қоса беріңіздер, - деп ақжарма лебіздерді үстей түсті Лариса Тельманқызы.
Газеттің жанашыр да байырғы оқырмандарының бірі Тілеген Керейұлы да мерекелік тілегін арнады.
– Мәдени-рухани өзгерістер мен экономикалық-әлеуметтік салалардағы, басқа да жаңалықтарды халыққа дер кезінде жеткізуде аудан тілшілерінің еңбегі зор. Қоғамның ең өткір әрі ең өзекті деген сауалдарына жауап табуға тырысып, үнемі ізденіс үстінде жүретін жергілікті журналистер қауымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қолдарыңнан қаламдарың түспей, шабыттарыңыз шарықтай бергей, - деді.
Өз кезегінде «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Жалғас Ташуов та ауданның ақпараттық кеңістігін дамытуда жергілікті тілшер қауымының үлесі зор дей келе сый-сыяпатын ұсынды.
Аудан үнжариясының ардагері, қаламы қарымды журналист Кәримолла Ғайсин де төл мерекеде редакция ұжымын арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсеткен аудан басшысына ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Бекбол Жұмабекұлы да газет ұжымын құттықтай келді.
Халықтың тіршілігінен, қоғам тынысынан хабар таратып жүрген жергілікті тілшілер қауымының еңбегі зор. Төл басылымның мазмұны жаңарып, сапасы да жылдан жылға жақсарып, оқырманның үдесінен шығып келеді. Алдағы уақытта да жетістіктеріңіз молайып, жазарларыңыз көбейе түссін, - деп тілегін арнаған Бекбол Жұмабекұлы сый-сыяпатын табыстады.
Нұрай Таубай
zhaikpress.kz